Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Түркістан көгілдір отынмен толық қамтылады – Өмірзақ Шөкеев

2019 жылдың 22 қазан 2019 00:11

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан көгілдір отынмен толық қамтылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппараттық мәжілісте атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының сөзінше, қазір шаһардың тең жартысынан астам аумағында газ құбырлары жүргізіліп қойған. Құзырлы мекеме қызметкерлеріне халыққа көмірден гөрі, көгілдір отынды қолданған экологиялық әрі қаржы жағынан тиімді екендігін түсіндіру және қамтамасыз ету тапсырылған.

«Қаланы секторларға бөліп, жылыту маусымына дайындықты күшейту керек. Түркістан қаласын газбен қамту, көгалдандыру және экологиялық жағдайын жақсартуды мықтап қолға алу қажет. Арыс тәжірибесін қолданып, сапасына қатысты талапты да дәл сол деңгейде жүргізуіміз керек»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Мәжілісте сондай-ақ, Арыс қаласындағы құрылыс жүргізілген және зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жайлы соңғы мәліметтер айтылды. Сала мамандарының сөзінше, қараша айының басында құжат рәсімдеу және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Ендігі күш Түркістан қаласын көркейтуге бағытталмақ. Мәселен, өткен демалыс күндері Түркістан облысында жалпыхалықтық сенбілік өтіп, қала аумағында 22 мыңға жуық көшет отырғызылған. Өңірді көгалдандыру мақсатында Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптасып келеді. Жалпы Түркістан облысы бойынша 1,3 миллионнан астам ағаш егіледі. Мәжілісте экологиялық ахуал да сөз болды. Өмірзақ Шөкеев өңірді күл-қоқыстан тазартып, тазалықты сақтауды жергілікті басшыларға көзден таса қалдырмай, қадағалауды тапсырды. Жиында облыстағы орман және аңшылық шаруашылығына қатысты мәселелер ортаға салынды. Мамандар сексеуілдің сиреп бара жатқанына алаңдаулы. Бұл мәселеге қатысты алдағы уақытта нақты шаралар жүзеге асырылатын болды.

Жоғары қарай