Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Түркістан облысында ана мен бала құқығы басты назарға алынған

2019 жылдың 15 қазан 2019 13:13

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы жанындағы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері Түркістан облысына келіп, жауапты жұмыс тобы мамандарының қатысуымен жиын өткізді. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жүргізіп отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда балалар құқығын қорғау саласындағы баяндамалар мен есептер тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды. «Nur Otan» партиясы жанындағы бала құқықтарын қорғау кеңесінің мүшесі, топтың консультант-жетекшісі Рысты Жұмабекова бұл жұмыс сапарының мақсатына тоқталды. Оның айтуынша, арнайы топ өңірдегі Жол картасының «Бақытты отбасы» партиялық жобасымен танысады.

Қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу және балалық шақтың қорғалуын қамтамасыз ету құралдарын енгізу, өңірлік деңгейде балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметімен танысу да назарда тұр. «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Динара Закиева да талқыланған мәселенің маңызына тоқталды.




Жиында жергілікті полиция, адами әлеуетті дамыту, қоғамдық денсаулықты сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының есептері тыңдалды. Балалардың жағдайы туралы статистикалық мәліметтер мен отбасыларды қолдау бойынша жүзеге асатын жобалар талқыланды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев өз баяндамасында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бойынша филиал жанынан 117 адамнан топ құрылғанын атап өтті. Бұл топ мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп, өңірдегі негізгі үш мәселені анықтаған. Олар – әлімжеттік, зорлық-зомбылық және суицид. Өңірде рейдтер нәтижесінде 8 айда ата-ана бақылауынсыз қалған 62 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Өкініштісі, облыста жасөспірімдер қылмысы мен суицид те аз емес.




«Жаңа облыс құру барысында балалар мәселесімен айналысатын мекемелер мен кәсіби мамандардың көбі Шымкентте қалып қойды. Сондықтан Түркістан облысында психологиялық және зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды оңалту орталықтарын ашу – кезек күттірмейтін іс. Партия филиалы осы бағытта белсенді жұмысқа көшеді», – деді Б.Тәжібаев.

Үш күнге жоспарланған сапар аясында жұмысшы топ Түркістан облысындағы 80-нен астам білім беру, медицина, ювеналды полиция, әлеуметтік қорғау және өзге де мекемелерге кіріп, жұмысымен танысады деп күтілуде. Атап айтқанда Түркістан, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандарын аралап, жұмыс жүргізбек. Сонымен бірге көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, балаларға қосымша тегін білім беру жолдары талқыланып, өзге де мәселелер бойынша елдің ұсыныстары тыңдалмақ.

Жоғары қарай