Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Түркістан  облысында шаруалар мен ғалымдардың басын қосқан дала семинары өтті

2019 жылдың 22 тамыз 2019 15:54

ОТЫРАР. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Отырар ауданында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған далалық семинар өтті.

«Суармалы тұзданған топырақтың құнарлылығын және жүгері дақылының өнімділігін арттыруда жаңа инновациялық технологиясын қолдану» атты семинарға аудан басшылары мен ғалымдар, сала мамандары мен шаруалар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда шаруашылықты ғылыммен ұштастыра отырып, мол өнім алудың тиімді жолдары мен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Облыстың әр өңірінен келген шаруалар ұсыныстарын айтып, өзара тәжірибе алмасты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдіғали Жүнісов семинардың шаруалар үшін маңызы зор екендігіне тоқталып, жаңа инновацияға негізделген еңбектің нәтижесі де жоғары болатынын тілге тиек етті.

Семинарда Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АШҒА академигі А.Сапаров, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Сыздық, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты М.Ибраев, жоғарыда аталған институттың топырақ географиясы, генезисі және оны бағалау бөлімінің меңгерушісі К.Пачикин, Тұзданған топырақтарды мелиорациялау бөлімінің меңгерушісі М.Пошанов тәжірибелерімен бөлісіп, ғылымға негізделген жобаларды таныстырды.

Жалпы Отырар ауданында шаруалар 33 мың га жерге түрен салған болса, соның 11 мың гектардан астам жеріне жүгері дақылдарын еккен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше жылдан-жылға жүгері дақылын егуге ниет білдірген шаруалардың саны артып келеді.




Жоғары қарай