Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Түркістан облысында туристер тасымалдайтын 2 қабатты электрлі автобустар жолға шығады

2019 жылдың 3 маусым 2019 23:15 578

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қытайлық «BYD» компаниясының өкілдері кездесті.

Тараптар Түркістан қаласында шоғырланған тарихи-мәдени орталықтарға туристерді тасымалдау үшін Қазақстанға экологиялық жағынан таза көліктерді жеткізу мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Жиын барысында облыс әкімі өңірге келетін туристер мен зиярат жасайтын адамдар санының жыл сайын артуын тілге тиек етіп, оларға жасалатын қолайлы жағдайдың да жақсаруы қажеттілігін айтты.

Мысалға, 2018 жылы Түркістан облысына 1,5 млн турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,7 млн адамға жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау аясында 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өніміндегі туризм үлесін 8%-ға жеткізу жайы айтылды.

Кездесу нәтижесінде өңірге ұзындығы - 12 метр, ал сыйымдылығы - 82 жолаушы болатын екі деңгейлі туристік электрлі автобус жеткізілетін болды.

Айта кетерлік жай, бұл автобустар «BYD» батареяларының көмегімен жұмыс істейді және қуаты 200 км-ге жетеді. Бұл Түркістанның экологиялық жағдайы тұрғысынан алғанда жағымды қалаға айналуына өз үлесін қосады деп күтілуде. «BYD» өкілдері автобустарды биылғы жылдың соңына дейін толық тасымалдайтынын баяндады.

Сондай-ақ, қос тарап арасында Түркістан облысы аумағында электрлік батареялар, күн панельдері және де электрлік автокөліктер мен электрлік автобустар құрастыру бойынша өндіріс ашу жөнінде келіссөздер жүргізілді.

«BYD» сарапшылары бұл жобаға қызығушылық танытып, нарық әлеуетін зерттейтін болды. Өз кезегінде, облыс басшысы қытай тарапына өндіріске қолайлы жағдайлар жасалған арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтардың бар екендігін айтып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Қытай делегациясының бұл іссапары ағымдағы жылғы 20-23 мамыр аралығында ҚХР-на Түркістан облысы делегациясын бастап барған облыс басшысының орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен «BYD» президенті Ванг Чуанфу мырза арасындағы келісімдердің іс жүзіне асуының жалғасы.

«BYD» - бұл жоғары технологиялық компания және жылына 700 мыңға жуық электрлік көлік шығаратын қуаты бар өз саласының әлемдік көшбасшысы. BYD электроника саласында Samsung смартфондарының шамамен 60% құрастырады, ал Huawei компаниясы үшін мобильді құрылғылардың 50% жинайды.

 

 

 

Жоғары қарай