Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Түркістанда Алғыс айту күні кең көлемде аталып өтілді

2019 жылдың 2 наурыз 2019 01:44

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Алғыс айту күні облыс орталығы Түркістан қаласында жоғары деңгейде аталып өтті. Тағылымды шаралар барысында депортация жылдары Қазақстанға тағдыр тәлкегімен қоныс аударған этностардың өткені мен бүгіні жайында арнайы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Мәдениет орталығына жиналған көпшілік әр ұлттың ұлттық киімдерімен және мәдени өмірімен танысты. Іс-шара Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелмен жалғасты. Оған Түркістан облысынан сайланған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен олардың жастар қанаты жетекшілері, облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім, Аналар кеңестері, ғылыми - сарапшылық топ мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, Түркістан облысынан сайланған ассамблея мүшелеріне куәліктер тапсырды. Атаулы күннің маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті. Ал, этномәдени орталық өкілдері депортация жылдары қолдау көрсетіп, қорған болған қазақ халқына алғыс айтты.

Сондай-ақ, облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Бациев мемлекет пен өңірдің дамуы жолында үлес қосатындығын жеткізсе, облыстық түрік этномәдени бірлестігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рейхан Алайбекова ешуақытта қазақ халқының қамқорлығы ұмытылмайтынын айтты.

Жиын соңында депортациялық саясаттың салдары мен күштеп қоныс аударылған азаматтар туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шаралар барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттерінің арасында эссе жазу байқауы, мектептерде депортация жылдары Қазақстанға тағдыр тәлкегімен қоныс аударған этнос ұрпақтарының қатысуымен ашық сабақтар өтті.

Жоғары қарай