Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Түркістанда шағын автобус терезесіне беті жабысқан балаға қатысты әкім түсінік берді

2019 жылдың 16 қыркүйек 2019 17:47

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда бағыттағы көліктің терезесіне беті жабысып қалған балаға қатысты көріністі қала әкімі түсіндіріп өтті. Шаһар басшысы Рашид Аюпов облыс орталығында әлі де қоғамдық көліктер жеткіліксіз екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалада қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі проблемасы бар. Себебі, қазір бір ғана «Жолаушы» серіктестігі жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Бірақ бұл мәселе қазіргі таңда біртіндеп шешімін тауып келеді. Аталған серіктестік, автопаркін жаңартып жатыр. Жыл басында 16 автобуспен толыққан болса, енді олардың қатарына Қытайдан әкелінген «Yutong» маркалы 5 автобус қосылды»,- деді Рашид Аюпов.

Шаһар басшысының сөзінше, «Жолаушы» ЖШС-нің жаңалығы мұнымен таусылмайды. Серіктестік «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» бірлесіп жұмыс істеу арқылы, жыл соңына дейін Қазақстанда жасалған «Сарыарқа АвтоПром» автозауыт базасынан су жаңа 36 автобусты сатып алмақшы.

Еске салайық, демалыс күні беті №6-шы бағдардағы көліктің терезесіне жабысып қалған баланың көрінісі әлеуметтік желілерге тарап кеткен болатын. Оны жанында өтіп бара жатқан көліктің жолаушысы түсіріп алып, желілерге салып жіберген. Бұл көрініске байланысты оқырмандар тарапынан әр түрлі пікірлер жазылуда. Бірі мұны қоғамдық көліктердің жетіспеушілігінен деп түсіндірсе, енді бірі қандай жағдай болмасын мектепке бара жатқан балаға аяушылық танытқан.


Жоғары қарай