Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 376.84
EUR 407.97
RUB 5.91
CNY 53.80

Түркістанда жастар жылының жабылуына орай Town Hall форматында жиын өтті

2019 жылдың 25 желтоқсан 2019 22:42

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Облыс орталығында «Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдырудағы жастардың рөлі» атты «Town Hall» форматындағы жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған «Жастар жылы» қорытындыланып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 - «Еріктілер жылы» жарияланған болатын.

Осы орайда, жиынға жас кәсіпкерлер мен ғалымдар, волонтерлер, өнер мен спортта биік белестерді бағындырып жүрген облысқа танымал, белсенді жастар қатысты. Жастар жылын қорытындылау кешінде облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосып, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласқан жас азаматтар, түрлі салада өзінің білімімен, белсенділігімен топ жарған жас патриоттармен Түркістан қаласының өсіп-өркендеу жолындағы жастардың рөлі жайлы еркін форматта әңгіме өрбіді.







Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов облыста қарқынды жұмыс атқарған жастарға жылы лебіз білдірді.

«Қазақ елінің зайырлы мемлекет ретінде қалыптасуы, Түркістанның түрленуі – сіздердің қолдарыңызда. Сіз бен біз ұлт руханияты мен ұлттық идеологияның дамуына, еліміздің өркендеуіне, Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз қажет», - деп жастарға үлкен сенім білдірді.

Сөз тізгінін алған «Жас Отан» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрайымы Жұлдыз Намаз жастар жылында жасотандықтардың атқарған жұмыстары мен еріктілер жылында атқарылатын жобалар жайында баяндап, Елордада өткен жастар форумында Президентіміздің жастарға деген аманатын жеткізді.







Сондай-ақ, шарада, «ПРООН» сертификатының иегері «Торлан строй» ЖШС атқарушы директоры Шадияр Тулеев пен жас ғалым «Әлемдік экономика» бойынша PhD докторант Амалбек Өміртай, Кентау трансформатор зауытының дәнекерлеу өндірісінің бас маманы Ерболсын Жаманқұлов, «DS Group» компаниясының директоры Серікбол Данышбаев, облыстық «Нью Дженирэйшн лидерс» еріктілер тобының жетекшісі Айдана Есіркеп сөз сөйлеп, өңір басшысына алғысын білдірді.

Жиын жастар жылы аясында түрлі салаларда жетістікке жеткен, аудан-қалалардан іріктеліп келген, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздік жастарды марапаттау рәсімімен жалғасты.

Атап өтейік, Түркістан облысында жастар саны - 507 970. Бұл - облыс халқының 25,2 пайызы.







Жоғары қарай