Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Түркияда Қазақстанның 34 әскери қызметшісі білім алуда

2019 жылдың 19 қараша 2019 14:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркияда Қазақстанның 34 әскери қызметшісі білім алып жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

«Бұл бағыттағы шаралар ақысыз негізде жүргізіледі. Барлық шығындарды қабылдаушы тарап өзіне алады. Егер де Түркия жағы бөлген квота бойынша екіжақты ынтымақтастық аясында оқытсақ, онда барлық шығындарды түріктер өтейді. Сонымен қатар, Түркия курсанттарын біз оқытсақ, онда оқыту пен тұғылық жеріне қатысты шығындарды Қазақстан жағы өз мойнына алады», - деді Т. Дәндібаев Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол бүгінде Қазақстанда әскери оқу орындары қамтымаған бірқатар мамандықтар бар екенін атап өтті.

«Бұл тұрғыда теңіз ісі саласындағы мамандар, құрлықтағы әскердің кейбір мамандары, яғни елімізде дайындалмай жүрген тапшы мамандықтарды оқытады. Біз қажетті мамандарды серіктестерімізде оқытуға тырысудамыз. Осы орайда Түркия біз үшін негізгі серіктестірдің бірі болып отыр», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Биыл Түркияға мамандар киберқауіпсіздік бойынша магистратурада оқуға жіберілген. Сонымен қатар, әскери-теңіз күштеріне, құрлық әскерлері, авиацияға қатысты қызметшілер бағытталып келеді.

«Биыл Түркияда 34 әскери қызметші білім алып жатыр. Олардың жиырмасы курсант, 14-і офицер. Офицерлер әскери академияларда оқытылуда», - деп нақтылады ол.

Белгілі болғандай, ағымдағы жылы Түркия алғаш рет Қазақстандағы жоғары оқу орындарына әскерилерін біліктілігін жетілдіруге жіберген. 16 әскери қызметші Ұлттық қорғаныс университетінде білім алуда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі, сондай-ақ басқа да мәселелерді көздейді.

Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Сенат, Білім, Түркия, Әскер,
Жоғары қарай