Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

ТЖД қызметкерлері қар суының құрсауында қалғандарды құтқарды - Қарағанды

2019 жылдың 29 наурыз 2019 22:53

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары тікұшақтың көмегімен еріген қар суының құрсауында қалып қойған Жаңаарқа ауданының бес тұрғынын құтқарды. Сондай-ақ, ТЖ департаментінің қызметкерлері шалғайдағы ауылда шұғыл көмекке мұқтаж ер адамды медициналық мекемеге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

29 наурыз сағат 10:00-де Жаңаарқа ауданында Целинный ауылдық округінде еріген қар суының салдарынан пайда болған балшықта 2 трактор тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелерінің құтқарушылар тобы жіберілді. Тасқын су деңгейі жоғары болғандықтан оқиға орнына «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «Еврокоптер-145» тікұшағын жұмылдыру туралы шешім қабылданды. Орынбай ауылынан 19 шақырым жерде 5 адам тікұшақ бортына алынып, Атасу кентіне жеткізілді.

Дәл осы күні Абай ауданында жедел медициналық жәрдем бригадасы еріген қар суының деңгейін жоғары болуына байланысты Алғабас ауылынан келіп түскен шақыртуға жете алмайтындығы туралы хабарлама келіп түскен.

ТЖД құтқарушылары «Трекол» жол талғамайтын жермен жүретін көлікпен медициналық қызметкерлермен біріге отырып, шұғыл көмекті қажет ететін ер адамды медициналық мекемеге жеткізді.

Тағы бір құтқару операциясы Балқаш өңірінде жүргізілді. Қарағанды облысының ТЖД құтқарушылары «Хивус» катер-амфибиясымен 27 наурызда Балқаш көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған ер адамды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Ер адам Балқаш қаласынан оңтүстікке қарай 46 шақырым жерде, Аққұм-Жетіарал түбегінде табылды.

Жоғары қарай