Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 429.83
RUB 5.96
CNY 55.39

Үкімет қалаға жұмыс күшін тартуды реттейтін тетіктерді жасауы тиіс - сенатор

2019 жылдың 18 наурыз 2019 18:28 761

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет қалаға жұмыс күшін тартуды реттейтін тетіктерді жасауы тиіс. Мұндай пікірді бүгін Сенаттағы Елбасының азаматтарды әлеуметтік қорғау бойынша берген тапсырмаларының орындалуы қаралған Үкімет сағатында сенатор Мұрат Бақтиярұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі кезде қоғамдағы ең түйткілді проблемалардың бірі - мемлекеттіміздің діңгегі болып саналатын отбасы құндылығының   дағдарысы. Яғни, некесіз бала туудың өсуі, ажырасудың жоғары деңгейі, отбасы тұрақсыздығының көбеюі, қазақ ұлтына тән туысқандық сезімнің жұтаңдануы етек алып бара жатыр. Мысалы, Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жылда 1,5 млн қазақстандық некесін қиған. Осы уақыттың ішінде 500 мыңы, яғни әрбір үшінші отбасы ажырасып кеткен. Бұл толық емес отбасылар халықтың 30 пайызын құрап отыр. Бұл - асыраушысынан айырылған жалғыз басты аналар, жартылай жетім балалар, түптеп келгенде қоғамның әлжуаз топтары. Бұл ұлттық мәселе, ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлтынан айырылады", - деді М.Бақтиярұлы.

Осы орайда сенатор дәстүрлі қазақ қоғамында ажырасу деген мүлдем болмағанын, мұны мықтап қолға алуымыз керектігін баса айтты. Жалпы елімізде көпбалалы отбасылар саны 230 мың екендігін, ол елдегі барлық әйелдердің үш-ақ пайызын құрайтынын атап өтті.

"Ауыл, қыстақ тұрғындарының жан бағу үшін қалаға үдере көшуі жоспарсыз және жүйесіз түрде жүруде. Олардың барлығының жұмысқа тұруы, пәтер алуы мүмкін емес. Олардың көпшілігінің әлеуметтік жағдайы шаш-етектен. Сондықтан Үкімет қалаға күш тартуды реттейтін тетіктерді жасауы тиіс сияқты. Жалпы ірі қалалардағы әлеуметтік жағдайдың шиеленісе беруі Үкіметтің ауылдарға байланысты толып жатқан бағдарламаларының, моноқалаларды дамыту жоспарының дұрыс жұмыс істемей тұрғанын, жұмыс істеу тетіктерінің  жүйеленбегенін көрсетеді", - деді сенатор.

Сол себепті ол стихиялы түрде жүріп жатқан осы урбанизацияға әлеуметтік тұрғыдан талдау жасау керектігіне назар аудартты.

"Ауылдық жердегі адамдар үшін сапалы өмір сүрудің барлық жағдайын жасайтын болсақ, азаматтарымыздың қалаға көшуі азайып, көпбалалы отбасылар үшін тұруға ең қолайлы мекен - ауыл болар еді. Біз халқымызды тек әлеуметтік төлемдерге байлап қоймай, халық барынша күнкөрісті өзі қамтамасыз ететіндей жағдай жасауымыз керек. Мемлекет жәрдемақы беруші емес, жұмыс беруші мен жұмысқа  тұрушы арасындағы делдал болуы қажет",  - деді ол.

 

 

Жоғары қарай