Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Ұлықтауда айтылған он маңызды бағыт: Медициналық қызмет сапасын қалай жақсартамыз

2019 жылдың 20 маусым 2019 10:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясында жариялаған он маңызды бағытының бірі әділетті әлеуметтік саясатқа арналып отыр. Оның ішінде халық үшін медициналық қызмет сапасы да маңызды. Осыған байланысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов пікір білдірген болатын.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айқындаған даму бағыттарының арасында денсаулық сақтау саласы да бар. Жалпы алғанда білім беру, әлеуметтік саладағы толып жатқан проблемалармен қатар медицинаның қолжетімділігін арттыру, дәрігерлердің мәртебесін көтеру мәселелерінің Мемлекет басшысының ұлықтау рәсіміндегі сөзіне арқау болғаны қуантады», - деп атап өтеді төраға орынбасары.

Сонымен қатар, Ерік Байжүнісов мемлекеттік емханалардағы ұзын-сонар кезек мәселесіне, окулист, лор, ортопед сынды салалық мамандардың жетіспеуіне, дәрігерлердің кәсіби деңгейі мен олардың пациенттерге деген қарым-қатынасы жиі-жиі сынға ұшырап жататынына да тоқталды. Оның пікірінше, бұл да негізінен бюджеттік медицинаның салдары.

«Себебі, мықты мамандардың көбі емхана мен ауруханада біліктілігін жетілдіріп, әбден тәжірибе жинақтағаннан кейін айлығы аз, жүктемесі көп мемлекеттік мекемені тастайды да жанға жайлы, бар жағдай жасалған жеке меншіктегі клиникаға кетіп қалады. Немесе өз кабинетін ашып, адамдарды сол жерде қабылдай бастайды. Ал, кәсіби мамандардан айырылып қалмау үшін оларға қолайлы жағдай жасап, материалдық жағынан қамтамасыз ету керек», - дейді төрағаның орынбасары.

Бұдан бөлек, ол бірнеше жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, медицинаның қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтеді. Соның бірі және бірегейі - күні кеше Үкімет бекіткен тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері. Жалпы, бірін-бірі толықтырып отыратын қос пакет 2020 жылдан бастап қолданысқа енеді.

Айта кетерлігі, сақтандыру реформасын енгізуге дайындық кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеттеріне енетін қызметтер тізімі қайта қаралып, толықтырылды. ТМККК пакетінің жаңа үлгісінде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі күшейтілді. Себебі, пациент ең алдымен осы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханаларға барады.

«Бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) жүйесін дамыту жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бастапқы кезеңде БМСК деңгейінде көрсетілетін қызметтер аясын кеңейтіп, оны денсаулық сақтау жүйесінің негізгі буынына айналдыру және профилактиканы дамыту көзделген. Екінші кезеңде аталған саладағы ұзақ мерзімдік жоспарлар іске асырылмақ. Қазіргі таңда БМСК нысандарының жұмысы нәтижелі болуы үшін жалпы практика дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтудың маңызы зор. МСҚ жүргізген мониторинг нәтижесіне сүйенсек, 2019 жылдың басында еліміз бойынша 1 дәрігердің жүктемесі 1789 адамға дейін қысқарған. Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай аталған жүктеме 1500-ге дейін қысқаруы тиіс», - дейді Ерік Байжүнісов.

Сонымен қатар, БМСК дамытуға бағытталған бастамалардың бірі - ауылдарда әр 1500 адамға дәрігерлік амбулатория салу. Жоспарланған жұмыстар амбулатория санын 2,2 есеге арттыруға мүмкіндік бермек.

Министрлік болжамына қарағанда, 2019 жыл соңына дейін 334 медицина мекемесінде жаңадан 762 учаске ашылуы тиіс. Бұл дәрігерлер жүктемесін азайтып, емханалардағы кезекті қысқартуға, емханалар қызметін халыққа қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Қазір елімізде бір дәрігер 1789 адамды қарайды. Әсіресе, Павлодар, Маңғыстау, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында дәрігерлерге түсетін жүктеме тым жоғары. 2025 жылға қарай бір дәрігердің жүктемесін 1500 адамға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ал, бұған қол жеткізу үшін елімізде 125 жаңа емхана ашып, дәрігерлік амбулатория санын екі есеге арттыру (қазіргі 1392-ден 3020-ға жеткізу) қажет.

«Қор мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлеп қана қоймай, оның сапасы мен көлемін де тексеріп отырады. Мемлекеттік емханалар мен ауруханалар ғана емес, жекеменшік клиникалар да тексеріледі. Мониторинг денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер арқылы да, медицина ұйымдарына аяқтай бару арқылы да жүргізіледі. Өткен жылы бұрын ақпараттық жүйелері болмаған бірқатар мекемелер бірінші рет мониторингтен өткізілді. Олар: жедел жәрдем, қан қызметі мен мамандандырылған мекемелер. 2018 жылы Қор халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарынан 483 мың олқылық тауып, 6,3 млрд теңге қайтарып алды», - дейді Ерік Байжүнісов.

Оның пайымынша, медициналық қызмет сапасына жүргізілетін бақылау болашақта күшейтілетін болады.

«Біз үшін пациенттердің берген бағасы маңызды. Ол үшін сауалнамалар жүргізіледі, халықтан түскен арыз-шағымдар қарастырылады. Екіншісі - көрсетілген қызмет ақысы жеткізуші компанияның қызмет нәтижесіне қарай төленетін болады. Біз мұның бәріне мониторинг процесін автоматтандыру, көрсетіліп жатқан қызметтерді Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы онлайн-бақылау негізінде қол жеткіземіз. Қор - медициналық қызметтерді пациенттерге арнап сатып алатын орган. Сондықтан азаматтардың өз құқықтарын білуі, заң бұзушылықтардан хабардар етіп отыруы біз үшін өте маңызды. Біз медициналық қызмет сапасын сонда ғана көтере аламыз», - деді Ерік Байжүнісов.

Автор Қанат Мәметқазыұлы
Басты сөздер: Қоғам, Медицина,
Жоғары қарай