Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 385.42
EUR 424.58
RUB 6.00
CNY 54.31

Ұлытауда Jezkiik этникалық музыка фестивалі өтті

2019 жылдың 25 тамыз 2019 10:33

ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Ұлытауда Jezkıik ІІ халықаралық этникалық музыка фестивалі өтті. Оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль 22-24 тамызда Қарағанды облысы Ұлытау ауданында өтті. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Болатсай елді мекеніндегі қонақтар мен қатысушылар үшін төрт аймақтан құралған үлкен этноауыл тұрғызылды. Олардың арасындағы ең бастысы – Қазақстан Президенті барған музыкалық аймақ. Мұнда LED- экраны бар сахна орнатылды.





Шоу «Nomad Stunts» атқа мінуші-каскадерлік командасының қойылымымен басталды. Кейін сахнада «Тоқырауын толқындары» (Қазақстан), «Hassak» (Қазақстан), «Moresca Nova» (Италия), «Carmen Guerrero Flamenco» (Испания), «Serbian Abrasevic band» (Сербия), «Dunaj banda» (Венгрия) ансамбльдері өнер көрсетті.





Сондай-ақ, қонақтар үшін Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбаев, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова, айтыскерлер Аманжол Әлтаев мен Сара Тоқтамысова, шетелдік фольклорлық ансамбльдер ән шырқады. Фестиваль соңында Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болмановтың, «Ұлытау» тобының, «Дос Мұқасан» тобының, «Алтын батыр» степ-тобының, «Алатау серілері» тобының қатысуымен гала-концерт өтті.





«Керемет ұйымдастырылған. Бізге бәрінен бұрын фестивальдің табиғатта, арнайы құрылған ауылда өткені ұнады. Италияда біз мұндайды көрген жоқпыз. Біз ұлттық асханамен танысып үлгердік – ол өте ерекше. Мен домбыра тартып көргім келеді», - деді Италиядан келген музыкант Пьетро Маскиандаро.

Этноаймақта «Ұлы дала жаңғырығы» қолөнер шеберлерінің жұмысы қойылған. Фудаймақта қонақтар үшін ұлттық қазақ тағамдарын әзірлеу бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

«Бізге бүгін қазақ асханасынан бес тағам түрін әзірлеу тәсілін көрсетті. Негізгісі – барлық отбасыға арналған бидай көже. Бұл сусынға ет, сүт өнімдері мен дақылдар қосылады. Сондай-ақ, қарын көмбе, қарын бүрме, төңкерме әзірленді», - дейді ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты материалдық емес мәдени мұра бөлімінің басшысы Айгерім Мұсағайжинова.





Jezkiik этноауылында ұлттық спорт түрлерінен – асық ату, қол күрес, қазақша күрес, тоғызқұмалақтан жарыстар өткен спорттық аймақ жұмыс істеді.

Jezkiik фестивалі Қарағанды облысында екінші рет өтіп жатыр. Биыл оған 217 қатысушы жиналды.

Айта кетейік, осыған дейін Қарағанды облысында дәстүрлі Jezkiik фестивалі өтетіндігін хабарлағанбыз.












Автор: Агата Мухамеджанова

Басты сөздер: Қарағанды облысы, Мәдениет,
Жоғары қарай