Ауа райы
Нұр-Сұлтан 7 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Универсиада: Қазақстан хоккейшілері Швецияны ойсырата жеңді

2019 жылдың 4 наурыз 2019 21:52 1003

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдегі Қысқы универсиада ойындары аясында шайбалы хоккейден В тобында Қазақстан құрамасы екінші кездесуін Швецияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан хоккейшілері Универсиадада сәтті ойын көрсетіп келеді. Бұдан бұрын олар Латвияны 10:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Бүгінгі кездесуде де айдын үстінде жақсы ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен, бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезең бастала салысымен біздің құрама сапынан Артур Шетле мергендік танытты. Бұл ойынның 31-минуты болатын. Ал 41-минутта Валерий Гурин қарсыластар қақпасын дәл көздеді. 44-минутта Владислав Никулин қанжығасын майлады. Есеп - 3:0.

Үшінші кезеңде Швеция құрамасының қақпасына тағы екі шайба соғылды. Атап айтқанда, 44-минутта Никита Клещенко, 59-минутта Валерий Гурин қарсыластарға қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Қазақстандықтар кездесуді 5:0 есебімен аяқтады.

Бүгін В тобында тағы екі кездесу өтті. Швейцария Ұлыбританияны - 7:3, Канада Латвияны 6:1 есебімен жеңді. Екі турдан кейін Канада, Қазақстан, Швейцария құрамалары еншісінде алты ұпайдан бар. Одан кейінгі орындардағы Латвияда 3 ұпай болса, Швеция мен Ұлыбританияда бірде-бір ұпай жоқ.

Кеше А тобында Ресей Жапонияны 10:1, Словакия Чехияны 7:2, АҚШ Венгрияны 8:1 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстан құрамасы енді 6 наурызда Ұлыбританиямен кездессе, одан кейін 8 наурызда Швейцариямен, 10 наурызда Канадамен шеберлік байқасады.

 

 

Автор: Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай