Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Ветеринария саласында қандай өзгерістер болады

2019 жылдың 27 наурыз 2019 17:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ветеринария саласында жоспарланған өзгерістерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Ветеринария саласында ұйымдастыру, іске асыру функцияларының негізгі бөлігі және бақылау-қадағалау функцияларының бір бөлігі жергілікті атқарушы органға бекітілген. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау/импорттаумен байланысты, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың қызметтеріне бақылау жүргізу және үйлестіру функциясы қалды. Жергілікті атқарушы органдарда бақылау-қадағалау және іске асыру функцияларының бір бөлігін шоғырландыру мүдделер қайшылығына әкеледі, себебі әкімдік өзі іс-шараларды ұйымдастырады және оны өзі бақылайды. Сондай-ақ екі қызметке (ЖАО және ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті) бақылау-қадағалау функцияларын шоғырландыру кейбір жағдайларда ветеринария саласындағы қызметтерді іске асыру бойынша жауапкершілікті анықтауда қиыншылық тудырады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, ветеринария қызметінің жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін заң жобасында тиісті қадамдар көзделген. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдардан және кеден органдарынан (автокөлікте бақылау) бақылау-қадағалау функциясын ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосына қайтару жолымен барлық бақылау-қадағалау функциясын бір органға шоғырландыру ескерілген.

Екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің вертикалды бағыныстылығын құру жолымен олардың құрылымын өзгерту, яғни ветеринариялық бөлімшелерді аудандар, облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде өкілдері болу мүмкіндігімен облыс деңгейінде шоғырландыру, сондай-ақ мемлекеттік ветеринарлық ұйымдарды облыстық деңгейге бағынысты ету қарастырылған.

«Жоғарыда көрсетілген өзгерістерді қабылдау кезінде жергілікті атқарушы органдарда ветеринария саласындағы іске асыру функциясы қалады, уәкілетті орган ведомствосына барлық кезеңдегі бақылау-қадағалау функциясы беріледі, сондай-ақ бұл жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің вертикалын құруға мүмкіндік береді», - деді Сапархан Омаров.

Жоғары қарай