Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Вице-министр су тарифін қалай төмендету керектігі туралы айтты

2019 жылдың 4 маусым 2019 13:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін су тарифі бірдей болады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны базасында Бірыңғай оператор құруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні оның құрамында 11 мың жұмысшы бар, материалдық-техникалық жабдықталуы да жаман емес», - деді вице-министр.

Осы орайда, ол жаңа кәсіпорын құрылмайтындығын баса айтты.

«Екіншіден, ауылдық елді мекендерде тарату желілерін жобалау және салу мүмкіншілігін аламыз. Әзірше олар бізде елді мекендердің шекараларына дейін ғана бар. Бұл шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді. Бірыңғай оператор болған кезде жоба да сапалы болады. Бұған қоса, адами ресурстарда және материалдық-техникалық тұрғыда өзге де мүмкіншіліктер пайда болады», - деді ол.

Сонымен қатар, бірінші вице-министр мұндай шаралар бюджет қаражатының шығыстарын да айтарлықтай қысқарта түсетіндігін атап өтті.

«Делдалдарды жоятындығымызда да үлкен басымдық болып саналады. Қазіргі уақытта біз тарифтердің бір бөлігін субсидиялаймыз және ол елді мекендердің шекарасына дейін ғана жұмыс істейді. Ары қарай делдал пайда болып, қызметіне үстеме құн қосады. Ендігі уақытта сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін бірыңғай баға болады. Сол арқылы тариф көлемін төмендетеміз», - деді Қ.Өскенбаев.

Жоғары қарай