Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Владимир Беккер Түркістандағы жарылысқа не себеп болғанын айтты

2019 жылдың 13 қыркүйек 2019 19:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Түркістандағы жарылысқа қандай кемшіліктер себеп болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең бастысы, Түркістандағы жарылыстан ешкім көз жұмған жоқ. Жалпы, 12 адам жарақат алды. Жетеуі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері. Олардың бесеуі ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, 3 полиция қызметкері мен 2 қарапайым азамат зардап шекті. Оқиғаға газ тасымалдайтын көліктің жарылуы себеп болған. Қонақ үй 2016 жылы тұрғызылып, пайдалануға берілген. Жылыту жүйесіне, су ысыту жүйесіне онда газ құбырлары пайдаланылған. Қонақ үйді газбен қамту үшін 5-6 метр жерде сыйымдылығы 2-3 текше метрлік газгольдер орнатылған. Бұл жерде құрылыс нормасы бұзылып тұр. Себебі, қонақ үй ғимараты мен газгольдердің аралығы – газгольдер жер үстінде тұрған жағдайда 40 метр болуы тиіс. Ал газгольдер жер астында тұрған жағдайда 15 метрлік аралық жетеді», - деді Владимир Беккер елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, одан бөлек жылыту жүйесіне байланысты құрылыс нормаларын бұзу жағдайы да болған.

«Газ қазандықтары ғимараттың астыңғы бөлігінде орнатылған. Газгольдерді газ тасушы көлікпен толтыру кезінде газ төгіліп кетіп, оған от жайылып, оның соңы жарылысқа ұласып отыр. 2 мың шаршы метрге өрт жайылды. Терезелер ұшып кетті. Қонақ үй қысқаша айтқанда қазір қолданысқа жарамай қалды», - деді ол.

Владимир Беккер төтенше жағдайдар комитетінің қызметкерлері оқиға орнына бірден жеткенін, бірнеше адам зардап шеккенін айтады.

«Түркістан облысы өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасарының денесі 38 пайыз күйіп кеткен. Жігіттердің бірінің бұғанасы сынды. Қалғандарының денесі 10 пайыздық деңгейде күйген. Әрине, кәсіпкерлердің құрылыс нормасын, газ құрылғысын пайдалану ережесін бұзуы - өте жайсыз жағдай. Оқиғаның салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Қонақ үйде адам көп болған кезде мұндай жарылыс кез келген уақытта тіркелуі мүмкін еді», - деді ол.

Қазіргі уақытта аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Еске сала кетейік, Түркістан қаласындағы Саттарханов көшесінде орналасқан «ROYAL GRAND HOTEL» қонақүйінің аумағында жарылыс болды. Мәлім болғандай, қонақүйдің артқы жағында газ цистернасын толтыру барысында газ тасымалдайтын автокөлік жарылған.

«Қазіргі таңдағы ақпарат бойынша, қаза болғандар жоқ», - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

Оқиға салдарынан жапа шеккен жандарға медициналық көмек көрсетілді.

«Royal Grand» қонақүйінде орын алған өрт салдарынан 11 адам зардап шеккен. 6 өрт сөндіру қызметкері медициналық көмекке жүгінген. 3 полиция қызметкері және 2 қала тұрғынына медициналық жәрдем көрсетілген. Орталық қалалық ауруханаға 5 зардап шегуші жеткізілді. Олардың төртеуі жатқызылып, бір азамат қайтарылды. Жарақат бекетіне 3 адам тасымалданды. Оқиға орнында полицейлер мен ТЖҚ қызметкерлері жұмыс жасауда» делінген хабарламада.

Түркістандағы өртке байланысты ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов күйік шалған адамдардың жағдайын барып біліп қайтты.



Жоғары қарай