Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Волейбол: Қазақстан қыздары Олимпиадаға іріктеу кезеңінде финалға шыға алмады

2020 жылдың 11 қаңтар 2020 19:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін волейболдан Таиландтың Накхонратчасима қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңінде жартылай финалда Қазақстан құрамасы Таиландпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі кездесуде Таиланд қыздары басымдық танытты. Кездесу тартысты өткенімен алаң иелері алғашқы сетте 25:21 есебімен басым түсті. Одан кейін де таиландтық волейболшылар қазақстандық құраманы 25:20 есебімен жеңді. Ал үшінші сетте Қазақстан волейболшылары қарсыласынан 26:24 есебімен басым түсті. Төртінші сетте Таиланд құрамасы 25:21 есебімен жеңді. Осылайша финалға Таиланд құрамасы жолдама алды.

Енді олар 12 қаңтарда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады. Олар бүгін жартылай финалда Тайвань құрамасын жеңді. Ал үшінші орын үшін Қазақстан мен Тайвань қыздары сынға түседі. Финалда жеңіске жеткен құрама Токио Олимпиадасына жолдама алады.

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде В тобында сынға түсті. Алдымен Иран мен Индонезиядан 3:0 есебімен басым түсіп, соңғы ойында Оңтүстік Кореядан сол есеппен жеңіліп қалды. Өз тобында екінші орын алған қазақстандықтар осылайша жартылай финалға шыққан болатын.

Қазақстан қыздары 2008 жылы Олимпиада ойындарына қатысып, онда жалпы командалық есепте тоғызыншы орын алған еді.

Азия құрлығынан іріктеу кезеңі арқылы Олимпиадаға бір жолдама беріледі. Дүбірлі додада барлығы 12 құрам бақ сынайды.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай