Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Волейбол: Олимпиадаға іріктеу кезеңінде Қазақстан қыздары үшінші орын алды

2020 жылдың 12 қаңтар 2020 17:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін волейболдан Таиландтың Накхонратчасима қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы үшінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі Тайваньмен кездесуде қазақстандық құрама жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Алғашқы сетте қарсыласынан 25:21 есебімен басым түсті. Одан кейін Тайвань қыздары 25:22 есебімен жеңіп, жалпы есепте таразы басын теңестірді. Үшінші сетте қазақстандық волейболшылар қарсыласын 25:21 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде жалпы есепте тағы да алға шықты. Соңғы сетте қазақстандық волейболшылар қарсыласын 27:25 есебімен жеңді. Жалпы есепте 3:1 есебімен басым түскен олар іріктеу кезеңінде үшінші орын алды.

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде В тобында сынға түсті. Алдымен Иран мен Индонезиядан 3:0 есебімен басым түсіп, соңғы ойында Оңтүстік Кореядан сол есеппен жеңіліп қалды. Өз тобында екінші орын алған қазақстандықтар осылайша жартылай финалға шыққан болатын.

Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Таиландтан жалпы есепте 1:3 есебімен жеңіліп, финалға таиландтықтар жолдама алды.

Қазақстан қыздары 2008 жылы Олимпиада ойындарына қатысып, онда жалпы командалық есепте тоғызыншы орын алған еді.

Азия құрлығынан іріктеу кезеңі арқылы Олимпиадаға бір жолдама беріледі. Бүгін финалда Оңтүстік Корея мен Таиланд құрамалары бәсекеге түседі.

Дүбірлі додада барлығы 12 құрам бақ сынайды. Бүгінгі күнге дейін Олимпиадада сынға түсуге Жапония, Сербия, Қытай, АҚШ, Бразилия, Ресей, Италия, Кения, Аргентина құрамалары жолдама алды. Олардың қатарына бүгін Еуропа, Азия және Солтүстік Америкада іріктеу кезеңінен жеңімпаз атанған құрамалар қосылады.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам, Олимпиада-2020,
Жоғары қарай