Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 37 °С
валюта бағамы
USD 383.98
EUR 430.63
RUB 6.11
CNY 55.83

Волейбол: «ТНК-Казхром» командасы ел чемпионы атанды

2019 жылдың 12 мамыр 2019 18:25 1091

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат  - Ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХVІІ ел чемпионатының жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан біріншілігінде үздік шыққан төрт команда Тараздағы «Тараз Арена» спорт сарайында жүлделерді сарапқа салды.

Плей-офф бәсекесінде «Маңғыстау» командасын екі мәрте ұтқан «ТНК-Казхром» (Хромтау) финалға жолдама алды. «Атырау» мен «Есіл СК» (Петропавл) командалары арасындағы бірінші матч аса тартысты өрбіп, бес сетке созылды. Дегенмен жеңісті жұлып әкеткен атыраулықтар екінші кездесуінде де басым түсті.

Осылайша алтын медаль үшін хромтаулықтар мен атыраулықтар сынға түсті. 11 мамыр күні «ТНК-Казхром» атыраулықтарға еш мүмкіндік қалдырмады - 3:0.

Бүгінгі матчта хромтаулықтар 2:0 есебімен алға шықты. Содан кейін атыраулықтар бір партияны алғанымен, одан әріге шамасы жетпеді. Қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірген «ТНК-Казхром» ел чемпионы атанды.

Өткен жылы атыраулықтар үздік шықса, хромтаулықтар үшінші орынға ие болған еді.

2006 жылы құрылғаннан бері алғаш рет ел чемпионы болып отырған "ТНК-Казхром" командасын ресейлік маман Сергей Грибов жаттықтырады. Команда құрамын айта кетсек: Роман Байнякшин (капитан), Борис Кемпа, Дмитрий Вовненко, Мирлан Бадашев, Сергей Окунев, Денис Кучеров, Максим Мищенко, Жақсылық Тілеулин, Нұрсұлтан Бимұрза, Алдамжар Ситимбетов және Иван Молчанов. "Осылардың ішінде Денис Кучеров екеуміз - Орал волейболының түлектеріміз", деді ҚазАқпарат тілшісіне Мирлан Бадашев. 

Қола жүлде үшін бәсекеде кеше «Есіл СК» ақтаулықтарды 3:1 есебімен ұтқан еді. Бүгін «Маңғыстау» дәл сондай есеппен есе қайырды. Плей-офф бәсекесі екі жеңіске дейін жалғасатындықтан, қола жүлде мәселесі ертеңгі үшінші кездесуде шешіледі. «Есіл СК» мен «Маңғыстау» өткен жылғы маусымда жетінші-сегізінші, яғни соңғы орындарды иеленген еді. Биыл олардың жүлдеге таласуларының өзін үлкен табыс деп есептеуге болады.

 

 

 

Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай