Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

ЮНЕСКО-да Наурыз мейрамы тойланды

2019 жылдың 21 наурыз 2019 14:10

ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесінің (ЮНЕСКО) Франция астанасындағы бас пәтерінде арнайы салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Іс-шараға қатысқандардың пікірінше көктем мен жаңару мейрамы ретінде Наурыз күллі адамзатқа жақын құндылықтарды ұлықтайды.

Мерекелі күннің қарсаңында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі дипломатиялық қабылдауға ЮНЕСКО басшылығы мен мүше мемлекеттердің Ұйым жанындағы тұрақты өкілдіктері, ғылыми және шығармашылық орталардың, Наурызды атап өтетін халықтардың Франциядағы диаспораларының өкілдері қатысты.

Іс-шараға ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле қатысып, баршаны Наурыз мерекесімен жылы құттықтады және бұл тамаша мейрам күллі адамзаттың ортақ мәдени құндылығы екендігін атап өтті.




null

Іс-шараға жиналғандардың назарына Наурызды мерекелейтін елдердің дәстүрлі өнерлері мен ұлттық тағамдары ұсынылды.

«Франциядағы Қазақстан достарының жастар қауымдастығына» (Jeune Alliance des Amis du Kazakhstan en France) мүше отандастарымыз қазақтың дәстүрлі би өнерімен тамсандырды. Ал қазақ дастарханынан қонақтар бауырсақ, қазы, манты, құрт, жент және, әлбетте, Наурыз көжеден дәм татты.

Естеріңізге салсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2010 жылы қабылдаған 64/253 қарарына сәйкес жыл сайын 21 наурызда бүкіл әлем Халықаралық Наурыз күнін атап өтеді. Ал ЮНЕСКО-да Наурызды мерекелеу дәстүрі Ауғанстан, Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Үндістанның ортақ ұсынысымен Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді.




null

Жоғары қарай