Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Жаһандық жылыну әлеуметтік теңсіздікті арттырады - ВВС

2019 жылдың 9 мамыр 2019 13:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ғалымдар климаттың өзгеруі әлеуметтік теңсіздікке де әсер ететінін анықтады. ВВС басылымының жазуынша, бүкіл әлем бойынша ауа температурасы артқанымен, оның әсері әртүрлі болады.

«Соңғы елу жылда климаттың өзгеруі мемлекеттер арасындағы теңсіздікті арттыра түсті. Ғалымдар соңғы зерттеу нәтижесінде анықтағандай, климаттың өзгеруі салдарынан кедей мемлекеттерде даму жылдамдығы бәсеңдеп, кейбір бай мемлекеттер одан сайын байып кетті», деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, мұндай зерттеуді Калифорниядағы Стэнфорд университетінің мамандары жүргізген және олар анықтағандай, бүгінгі таңда ең бай және ең кедей мемлекет арасындағы айырмашылық жаһандық жылыну салдарынан 25%-ға артқан.

«Жаһандық жылынудан ең алдымен Африка елдері зардап шекті. Ал Халықаралық валюта қорының айтуынша, биыл Үндістан әлем бойынша экономикасы үлкен бесінші мемлекетке айналады. Дегенмен, Үндістанда жаһандық жылыну кесірінен 2010 жылы мемлекеттегі ІЖӨ 31% азайған. Ал әлемдегі экономикасы тоғызыншы орында тұрған Бразилияда бұл көрсеткіш 25%-ды құрайды», деп жазады басылым.

Ғалымдардың айтуынша, кейбір бай мемлекеттерде жан басына шаққандағы ІЖӨ-нің артуына да жаһандық жылыну әсер еткен.

«Зерттеу барысында 165 мемлекеттің 1961-2010 жылдар аралығындағы ауа температурасы мен экономикалық өзгерістері ескерілді. Ғалымдар ауа температурасы тұрақты мемлекеттерде экономика өсіп, ыстық жерлерде бәсеңдеп отырғанын анықтады. Бұл зерттеу жаһандық жылынудың көптеген салаларға әсер ететінін тағы бір дәлелдеді. Саясаткерлер климаттың өзгеруіне баса мән беріп, қайта жаңғыртылатын энергия көздеріне басымдық беруді алға қоюлары керек», деп жазады басылым.

Жоғары қарай