Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 381.10
EUR 420.81
RUB 5.65
CNY 54.57

Жамбыл облысында 13 қайырымдылық дүкені жұмыс істейді

2019 жылдың 23 желтоқсан 2019 03:42

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында екі мыңға жуық ерікті қайырымдылықпен айналысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс жастары өңірдегі мұқтаждықтың деңгейін анықтау мақсатында 250 мың үй мен ауланы аралап, әр отбасының тұрмыс жағдайына қатысты мәліметті тізіп шыққан. Олар әлеуметтік сауалнама толтырып, мұқтаждықты саралады. Бұл жұмысұа 2 мыңға тарта ерікті тартылған. Аймақта облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен волонтерлік-қайырымдылық жобасы бекітіліп, 13 қайырымдылық дүкені ашылды. Оның 3-і Тараз қаласында, 10-ы аудандарда орналасқан. Бұл ерекше дүкендерге келушілерге киім-кешек тегін беріліп, тегін қызмет көрсетіледі. Зат алу үшін бар болғаны жеке куәлігіңізбен келсеңіз болғаны.

Дүкеннен зат алуға келген адам міндетті түрде арнайы дерекқорына тіркеледі. Яғни мәртебесі автоматты түрде анықталады. Кейін мұқтаждығына қарай қолдау көрсетіледі. Бүгінгі күнге дейін 900-ге жуық тұрғынның тізімі жасалған. Оның 40 пайызы дүкенге тұрақты түрде келеді

Мұнда заттарды алып қана қоймай, өткізуге де болады. Ол үшін қаладағы ірі сауда және халық көп жиналатын орындарда арнайы жәшіктер орнатылған. Бүгінгі күнге дейін 5 жарым тонна киім жиналып, бір бөлігі таратылған. Ал оларды жөнге келтіріп, жуып тазалайтын волонтерлар бар. Олар бос уақытында осында келіп жұмыс істейді.

«Әлеуметтік карта бізде 24 тармақтан тұрады. Біз оларға киім, азық-түлік береміз. Бірақ бұл олардың мәселесін толық шешпейтіні белгілі. Сондықтан да отбасындағы жастарды оқыту, кәсіптік бағдар беру, жұмыспен қамту немесе оларды кәсіпке баулу мақсатында грант жобаларға тартамыз», - дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мөрбеков.

Қазір облыс бойынша 1 мыңға адам волонтерлық іспен тұрақты түрде айналысады. Олар жаңа жылдан бастап түрлі бағытта жұмыс істемек. Бірі әлеуметтік саланы таңдаса, енді бірі ұлттық құндылық, рухани жаңғыру, туризм сияқты салаларды қалап отыр.
Жоғары қарай