Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Жамбыл облысында Абайдың 175 жылдығына арналған фестиваль өтті

2020 жылдың 25 ақпан 2020 01:56

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастамасымен Абай шығармашылығына арналған облыстық фестиваль өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Білімдіден шыққан сөз...» деген ұлы ақынның өлең жолдарымен аталған ауқымды шараға облыстың10 ауданынан және Тараз қаласының мектептерінен келген командалар қатысып, өнер, робототехника салалары бойынша бақ сынады.

Шара шымылдығын «Хәкім Абай» театрландырылған қойылымымен ТарМУ студенттері ашты. Салтанатты ашылуда сөз алған ТарМУ ректоры Махметқали Сарыбеков және облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Фестивальда «Абайдың ізімен» атты білім саласын дамытудағы өзекті мәселелер бойынша дөңгелек үстелі, «Абайдың қара сөздері – өнеге көздері» тақырыбындағы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу сайысы және «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» – робототехника олимпиадасы бір мезетте өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында мектеп басшылары мен жергілікті университет ректорлары мектеп пен ЖОО қызметіндегі сабақтастық мәселелерін талқылады. Олардың ішінде кадр даярлау, студенттердің білім сапасы, білікті мамандарды мектепке тарту туралы көкейтесті сұрақтар көтеріліп, бірқатар шешілу жолдары ұсынылды.

Университет фоесінде оқушылар құрастырған роботтар қазақтың ұлттық ойын түрлерінен жарысқа түсті. Олар асық ату, арқан тартыс, қыз қуу сияқты ойындарын ойнап, ептіліктерін көрсетті.

Ал, Акт залында облыс аудандарынан келген мектеп командаларының орындауында Абай шығармалары бойынша драмалық қойылымдар көрсетілді. Сайыс талабына сай оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар бір сахнада өнер көрсетті.

Фестиваль соңында жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындар табысталды. Осылайша, қазақ данасы Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойына арналған облыстық фестиваль білім мен өнер ұштасқан зияткерлік алаңға айналды.

Жоғары қарай