Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Жамбыл облысында гранит өңдейтін зауыт іске қосылды

2017 жылдың 6 желтоқсан 2017 16:25

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысында гранит, мәрмәр және гипс өңдейтін және өндіретін зауытты іске қосты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Оргстрой» ЖШС директоры Қали Ғылымхан атап өткендей, олардың кәсіпорны экспортқа бағытталған.

«Жаңа технологиялар еңбек жағдайын жақсартып, өнімділікті ұлғайтады. Өнімнің 60%-ын Ресей мен ТМД нарығына жеткізу жоспарымызда бар. Экспорттық әлеуетті жоғарылатуды көздеп отырмыз», - деді Қали Ғылымхан.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саясаттың шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталғанын тілге тиек етті.

«Елдегі шағын және орта бизнесті дамыту үшін осындай саясат жүргізіп отырмыз. Оған қалай баса назар аударып отырғанымды жақсы білесіздер. Іске қосылып жатқан нысандар өте қызықты. Жамбыл облысында бүкіл Қазақстанға жететін гранит қоры бар. Астана, Алматы және басқа да қалалардағы ғимараттар Жамбыл облысындағы граниттермен қапталған», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске салайық, Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Шара барысында онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.

Айта кетерлігі, Жамбыл облысында автоматтандырылған жемазық өндіру кешені ашылды. Автоматтандырылған өндіріс кешені жылына 36 мың тонна жемазық өндіреді. Аталған зауыт құрылысына 1 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, 23 жұмыс орны ашылды. Зауытта қытай бұршағы мен арпадан жасалған жаңа жемазық шығарылатын болады.

Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев Индустриаландыру картасының екінші бесжылдығы аясында Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты - ұлттық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға зор үлесін қосып отыр.

Биылғы жылы 19 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасын іске қосып, онда 1500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы автоматтандырылған жемазық өндіру зауытын ашудың облысқа тигізер пайдасына да тоқталып өтті.
«Бұл зауыт, өз кезегінде, шаруаларға өсімдік өнімдерін өткеруге кең мүмкіндік бермек. Кәсіпорынның бүгінде шаруашылықтарда бар 110 мың бас жылқы, 356 мың бас ірі қара мал, 3 млн-ға жуық қой-ешкі, 1,2 млн құстың малазығы қорына қомақты үлес қосатыны анық. Осылайша, жаңа кәсіпорын облыс экономикасының тұрақты дамуына оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Ал мемлекет тарапынан өңір кәсіпкерлігінің, оның ішінде ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы үшін барлық жағдай жасалатын болады», - деді Кәрім Көкірекбаев.

Жоғары қарай