Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -16 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлыққа бейім салалар анықталды

2019 жылдың 6 желтоқсан 2019 17:22

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Жамбыл облысындағы архитектура, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық салаларында 13 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және сот-тергеу тәжірибесіне жүргізілген талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдардың ішінде сыбайлас жемқорлық кеңінен таралған салалар – архитектура, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және осы салаларды қамтитын мемлекеттік бақылау.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Рахимовтың айтуынша, аталған салаларда шенеуніктер тарапынан тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану, пара алу сияқты қылмыстар жиі жасалады.

«Биыл тіркелген 13 қылмыстың 9-ы - құрылыс, 3-і - архитектура, біреуі - тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына тиесілі. Бұл орайда бір нәрсені атап өту қажет - құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық салалары миллиардтаған бюджет қаражаты шоғырланған «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» «Бизнестің жол картасы – 2020» және «2020 жылға дейін аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырып отыр»,-деді А.Рахимов.

Айта кетейік, айыптау қорытындысымен есепті кезеңде сотқа Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ә. Әсілбайұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу құжаттары жолданған. Ол өзінің лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалана отырып, жобалық-сметалық құжаттарды қажетті сараптамасыз, жоғары бағамен қабылдаған.

«Ә. Әсілбайұлы «Сулейменова» жеке кәсіпкерлігіне 210 мың тенге және «Мойынқұм құрылыс» ЖШС-не 3 миллион теңге қаражатты заңсыз аударған. Мемлекетке келтірілген залал - 3,2 миллион теңге. Соттың үкімімен Әсілбайұлына 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған»,- деді департамент басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, Тараз қаласы әкімдігінің архитектура және қала құрылысы бөлімінің басшысы болған И.Бекежановқа қатысты қылмыстық істің де нүктесі қойылған. Ол 2016-2017 жылдар аралығында өзінің лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, Тараз қаласының 30 тұрғынына заңсыз жер телімдерін бөлген. Залал сомасы - 23,1 миллион теңгені құраған. Соттың үкімімен Бекежановқа 4 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, аталған департамент биыл облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының лауазымды бірқатар тұлғаларына қатысты бюджет қаражатты талан-таражға салу дерегі бойынша қозғаған қылмыстық іс тергеумен аяқталған. Бұл орайда мемлекетке келтірілген залал 16 миллион теңгеден асқан.

Жоғары қарай