Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Жамбыл облысының 80 жылдығына Кенен Әзірбаевтың ескерткіші ашылды

2019 жылдың 25 желтоқсан 2019 13:26

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залының алдына Кенен Әзірбаевтың ескерткіші қойылды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың ескерткіші «Баласағұн» орталық концерт залы ғимаратының алдына орнатылған.

Кенен Әзірбаев - қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. Қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы. 150-дей ән толғап, әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. Кенен Әзірбаевқа биыл - 135 жыл.




Дүлділге арналған ескерткішті ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен Кенен ата ұрпағы Мұрат Кененовке бұйырды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен аймақ басшысы Асқар Мырзахметов барша жұртшылық атынан ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң қонақтар Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі әзірлеген көрмені тамашалады.

Айта кетейік, жыр алыбы – Жамбылдың жанында жарты ғасыр уақыт жүріп қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасымен қаныққан Кенен аты ұлт мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылған есім саналады. Өткен жылы жыр дүлдүлінің есімі облыстық филармонияға берілген болатын. Сондықтан да оның ескерткіші дәл осы облыстық филармония тұрған «Баласағұн» орталық концерт залының алдына қойылуы өте ұтымды ұсыныс болып отыр. Демеушілер қаражаты есебінен салынған тас мүсінді мүсінші Көлжігіт Темірхан әзірлеген.




Жоғары қарай