Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Жамбылда 4 адам түйнеме жұқтырды

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 10:39

ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысында 4 адам түйнеме жұқтырып, ауруханада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түйнемеге шалдыққандардың біреуі – Жуалы ауданы Шақпақата ауылындағы шаруа қожалылығының шопаны. Ал екіншісі – әйелі. Өзге екі азамат – қасапшы. Соңғы екеуі – Жамбыл ауданының тұрғындары. Бұларға аса қауіпті індет мал сойған кезде жұққан деген күдік бар. Өйткені өздері он шақты күн бұрын қыстақтағы қожайынның сиырын сойған. Кейін бәрінің денесін жара басқан.

Аса қауіпті індетке шалдыққан науқастардың жағдайы қалыпты, дейді ақ халаттылар. Ал мал дәрігерлері аталмыш кеселдің қайдан келгенін білмей дал.

«Тиісті ем қабылдауда. Жұқпалы аурулар ауруханасында 20 күндей ем қабылдайды. Сібір жарасы адам өміріне өте қауіпті. Өйткені бұл аса қауіпті індет»,- дейді Жамбыл облыстық инфекциялық аурулардың қатерлерін бақылау кеңестік-әдістемелік орталық жетекшісі Гүлфайра Мырзабекова.

Қазір осы науқастармен байланыста болған 44 адам мен ауылдың мал дәрігері де қатаң бақылауға алынды. Ал өңірдегі ветеринар мамандары кәсіпкердің қорасында өлген алты бас сиырдан сынама алынды. Алайда бірде-біреуінен күйдіргі дертінің белгілері анықталмады.

«Түскен кезде 3 науқасқа »тілме« диагнозы қойылды және түйнеме диагнозын болдырмау мақсатында жарадан ішіндегісін алып, облыстың санэпидсараптама орталығының аса қауіпті зертханасына жіберілді. Серологиялық талдаудың оң нәтижесі алынды, кейін барлық 4 науқасқа диагноз »сібір жарасы, тері түрі, ауырлығы орташа« ретінде расталды. Барлық науқастар боксталған 2 палатаға жеке орналастырылады, тиісті ем алады, бүгінгі күні жағдайы тұрақты»,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбаева.

Бұл жағдай облыс әкімдігінде де қаралған. Әзірге олар індеттің шығу себебін ешкім түсіне алмай жатыр. Ал ел арасында күйдіргіден өлген 20-дан астам ірі қараның еті қаладағы шұжық цехына өткізілген деген қауесет тараған.

Ал, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қанатбек Қартабаев аурудың ошағын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Ауру ошақтарында, 2 ауданның және Тараз қаласының эпидемиологтары мен ветеринариялық қызметкерлері ауруды тіркеген күні эпидемиологиялық тексеру және профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенін бастап жүргізуде.

Айта кетейік, облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің деректері бойынша өңірдің 11 аймағының аумағында 191 сібір жарасының топырақ ошақтары орналасқан, ағымдағы жылы эпидемиологтар мен ветеринариялық қызметкерлері 1 мыңнан астам топырақ сынамаларын зерттеу үшін алған, алайда, күйдіргінің қоздырғыштары табылған жоқ. Биыл облыста сібір жарасына қарсы егу күйдіргі қаупі тобы арасындағы 2 159 адамды қамтыған.

Автор Ғибрат Сембай
Басты сөздер: Оқиға, Жамбыл облысы,
Жоғары қарай