Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Жамбылда өңір экономикасын арттыруға бағытталған тағы бір жоба қолға алынбақ

2019 жылдың 10 қараша 2019 04:38

ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысында халықтың тұрмысын жақсартып, экономикасын көтеруге бағытталған тағы бір жаңа жоба қолға алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылды жерлерде тұратынын ескерген аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ауылдықтардың ахуалын арттыруға аса ден қойып отыр. Бүгінде тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартудын пилоттық жобасы жүзеге асырылуда, ендігі кезекте тағы бір ілкімді бастама қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Біржан Сартбек Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Оның айтуынша жаңа жоба бойынша өңіріміздің әр аймағынан, әсіресе, ауылды жерлерден шағын цехтар салу көзделуде. Облыс әкімдігінде өткен жиында осы туралы жан-жақты айтылып, жоспарлы шаралар барысы пысықталған.

«Жаңа жобаның негізгі мақсаты – аудан, ауылдық жерлерде шағын қайта өндеу кәсіпорындары мен цехтар салып, сырттан келетін өнімдердің алдын алу, сол арқылы жергілікті халықтың жағдайын жақсарту, экономикасын көтеру. Өңір басшысы өз сөзінде осыған айрықша басымдық берді. Өйткені, аталған пилоттық жоба толығымен жүзеге аса бастағанда ауылдардағы қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін егіншілік пен мал өнімдері едәуір арта түсетіні сөзсіз. Ал оны ауылдан алыс ұзатпай ұтымды ұқсатып, өндей білу – тиімділікті тіпті еселей түсетінін айтпасақ та түсінікті. Екіншіден бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - деп жазады Б.Сартбек.

Аталмыш басқосу барысында облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев жаңа жобаның негізгі жүйесі туралы баяндап, қазіргі таңда аудандар мен ауылдардан нақты ұсыныстардың жинақталып жатқандығын жеткізді.

Бұл бастаманың маңыздылығына тоқталған Асқар Мырзахметов ірімшік, сүт, шұжық тағы да басқа ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін цехтарды салу жұмыстарын қазірден бастап жүйелей беру керектігін тапсырды. Сондай-ақ, өңірдегі кәсіпорындардың жүктемелігін барынша көтеруге көңіл бөліп, сол арқылы сырттан жеткізілетін тауарлардың үлесін едәуір азайтуға болатынын баса айтты.

«Алдағы уақытта жоба аясында өңірдегі барлық қажеттіліктер мен мүмкіншіліктер зерделеніп, аудандардың ерекшеліктері ескеріле отырып жинақталған ұсыныстарға талдау, саралау шаралары атқарылмақ. Ол үшін алдымен атқарылар жұмыс жоспарын жүйелеп алу керектігін айтқан аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді», - дейді Б.Сартбек.

Жоғары қарай