Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Жамбылдық волонтерлер жалғызбасты ананың қызын қырқынан шығарып, салтын өткізіп берді

2020 жылдың 14 ақпан 2020 22:00

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық бір топ ерікті жас республикалық «Біргеміз» акциясы аясында жалғызбасты ана — Тараз қаласының тұрғыны Гүлжан Есқараеваға қол ұшын созды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гүлжан бүгінде Маржан, Інжу атты екі қыз тәрбиелеп отырған жас ана. Бұл игі шараға облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды.

Еріктілер Гүлжанға қажетті азық-түлік, киім-кешек апарып беріп, үйінің ауласын тазалауға қолғабыс жасады. Сонымен қатар, олар ақын Үміт Битенова мен Тараздағы «Ақжүніс» аналар қоғамының төрайымы Жанат Естаеваның қатысуымен жас ананың кіші қызы Інжуді қырқынан шығару салтын ұйымдастырды. Ел аналары бүлдіршінге ақ батасын беріп, үлкен өмірге сәттілік тіледі.





Өз кезегінде Гүлжан Есқараева еріктілер жылының жылы лебін сезіндірген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Жалғызбасты ананың жағдайы белгілі ғой. Шынымды айтсам, тұрмыстық мүмкіндігім жетпей, бүлдіршінімді қырқынан шығаратын уақыты өтіп бара жатыр еді. Бүгін, міне еріктілер барлық қажеттіліктерді өздері алып келіп, қызымды қырқынан шығарып берді. Сол үшін ризашылығымды жеткіземін»,-деді жүрегі елжіреп.

Жамбылдық еріктілердің бұл секілді игі шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.








Жоғары қарай