Ауа райы
Нұр-Сұлтан 27 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Жаңа мыңжылдық адамдарын не мазалайды: Психолог маманмен сұхбат

2019 жылдың 31 наурыз 2019 14:25 1192

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде өміріміз осыдан небәрі 10 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Біріншіден, адамның өмір сапасы өзгерді, өмірге деген көзқарасы, мақсаттары өзгерді.

Күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлшегіне айналған цифрлық технологиялар да өз үлесін де, зардабын да тигізіп жатыр. Қазіргі қарқынды жаһандық даму кезеңінде балалар түгілі ересек адамдар өздігімен шеше алмайтын, өзгенің көмегін, ақыл-кеңесін қажет ететін жағдайлар болып жатады. Бұл тұрғыда психолог мамандардың көмегі де өлшеусіз.

ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына психология ғылымдарының докторы, Астана қалалық Интегративті және отбасылық психология институтының директоры Ләззат Құлжабаева жауап берді.

Ләззат Серікқызы, бүгінде адамдар психологтарға қаншалықты жиі жүгінеді? Оларды қандай мәселелер толғандырады? Кеңес сұрап келетіндер арасында қаракөздеріміз көп пе? Себебі, психологқа бару менталитетімізге жат дүние болып келгені жасырын емес.

- Бұл саладағы тәжірибемді 17 жыл бұрын Шымкент қаласында бастаған болатынмын. Ол жақта өзіңіз білесіз, ұлты қазақ халықтың қарасы басым, маған жиі қазақтар келетін. Әрине, өзге ұлттар да болды. Ал қазір, басқа елдерге иммиграциямен байланысты, елімізде қазақтар саны көбірек. Сондықтан, психологтарға жүгінетіндер арасында қазақтар бұрын да болған, қазір де бар. Барлығы адамның прогрессивті, не регрессивті болуына байланысты. Бұл дегеніміз, егер адамның психология жөнінде хабары болса, онда бару керектігін, көмек ала алатынын біледі. Бүгінгі күні психологтарға бару мәдениеті қалыптасқанын сеніммен айта аламын. Бірақ, әрине, 17 жыл бұрын азырақ келетін.

Адамдар ең жиі бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесіне қатысты жүгінеді. Екінші орында - ерлі-зайыптылардың проблемасы. Сондай-ақ сүйіктілерімен өзара қатынасты реттеуді қалайтын, сүйіктісін тапқысы келетін бойдақ, тұрмыс құрмаған жандар келеді. Және әрине, карьерада жетістікке жету, тұлғалық даму мәселесі бар.

Жасөспірімдер келе ме?

- Біздің институт ересектерге, отбасыларға бағдарланғандықтан жасөспірімдерді жеке өздерін қабылдамаймыз. Бірақ біздің тренингтерге, консультацияларымызға жасөспірім балаларын ертіп келетіндер бар. Сондай-ақ ата-аналар мамандықты дұрыс таңдау, ҰБТ алдындағы қобалжуды жеңу мәселесімен мектеп бітіріп жатқан балаларын алып келеді. ҰБТ-да қажетті балл жинай алмай қалудан, оқуға түсе алмай қалудан психологиялық қорқу болады. Айтып өткенімдей, біздің институт ата-аналарға арналған. Ең алдымен, ата-ананың өзі балаға деген қарым-қатынасын, түйсіну, сезіну психологиясын өзгертуі тиіс деп санаймыз. Себебі проблема көбіне балаларда емес, олармен дұрыс сөйлесе алмайтын, ақыл-кеңес бере алмайтын ересектерде жатады.

Осы ретте, өмірімізге дендеп енген гаджеттерге қатысты айта кетсеңіз. Компьютерде ойнауын доғаруды сұраған ата-анаға бала агрессиямен лап беретін жағдайлар да болады. «Z ұрпағын» тәрбиелеп отырған ересектерге қандай ақыл-кеңес бере аласыз?

- Отбасында дұрыс иерархия болса, заманауи техникалардың өмірімізге еш кедергісі жоқ. Оларды қолдануға рұқсат беретін де, бермейтін де ата-ана. Цифрлық технологиялардың енуімен заман өзгерді, балалар өзгерді деп жатыр. Айтарым, 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда баланы тәрбиелеу методикасы еш өзгерген жоқ. Қайталап айтайын, дұрыс иерархия, яғни әке-шешенің отбасында беделді болуы, сөзінің өтімді болуы маңызды. Олай болмаса, кінә балада емес, онымен дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыра алмаған - ата-анада.

Әрине, ХХІ ғасырда өсір сүріп жатқандықтан, компьютерді, интернетті игеру пайдалы. Әлем немен тыныстап жатқанын біліп отыру да маңызды. Бірақ, отбасында мұның бәрі баланың жасына қарай шектелуі тиіс. Егер жанұяда үлкендерге бағыну ережесі дұрыс қалыптасқан болса, онда балалар мұндай құралдарды мақсатына қарай пайдаланады. Және ата-ана бұл процестің барлығын дұрыс басқара білуі тиіс. Компьютерлік тәуелділікке ұшырап, шектен шығып кететін жағдайлар да бар. Ондай кезде ата-ана оның алғашқы белгілерін, симптомдарын білгені абзал және мұнда психологтың көмегі қажет болады.

Өздері телефоннан бас алмайтын ата-аналар да кездеседі. Сөйте тұра, перзентіне шектеу қояды. Жанұядағы кез келген мәселе ересектерден басталады. Бала - ата-ананың айнасы. Оларға үлгі көрсету қажет. Тағы бір мысал, әйел өз жұмыстарын бітіріп алуы үшін кедергі жасамасын деп баланың қолына телефон беріп қояды. Немесе сәбиі сәл жылай қалса, қолына телефон ұстата салады. Сөзсіз, бұл өте ыңғайлы. Бірақ салдарын ойлаңыз.

Жалпы, балабақшаға немесе мектепке баратын баланы кешкі 21.00-де ұйқыға жатқызу керек. Бір сағат бұрын компьютер, смартфон, телевизор қаратпаңыз. Бұл, баланың түнде тыныш ұйықтауына, шошып оянбауына, жаман түстер көрмеуіне тікелей әсер етеді. Одан да жатар алдында балаға ертегі оқып беріңіз. Әр сөзіңізден маужырап ұйқысы келетіндей монотонды ырғақпен айтыңыз. Бала жылулықты, жайлылықты, тыныштықты сезінсін. Екінші ауысымда оқитын балаларды да ертерек жатқызып, таңертең ерте тұрып сабақ оқуға үйрету керек. Ең алдымен, бұл оның денсаулығына пайдалы. Еңбекке қабілеттілігін арттырады. Режімнің болмауы, баланың интеллектуалдық қабілеттеріне кері ықпал етеді. Дұрыс ұйқы, толыққанды тамақтану әркезде басты орында болған. Бұдан бөлек, жатар алдында бөлмені желдетіп алу, төсек жабдықтарының таза болуы - балаға қамқорлық білдірудің қарапайым ғана түрлері.

Бүгінгі күні ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста не жетіспейді?

- Көп жағдайда уақыт жетіспейді. Ата-ана көп жұмыс істеуі тиіс уақытта өмір сүріп жатырмыз. Онсыз болмайды. Бірақ қоғамда ата-ананың екеуі де еңбек ететін немесе әкесі ғана жұмыс істеп, әйелі балалармен айналысатын отбасылар да бар. Бірақ қандай жағдай болмасын, барлық ата-анаға бала тәрбиелеуде білім жетіспей жатады. Ол білімді олар өз ата-аналарынан алмаған болуы мүмкін. Мысалға, өздері толық отбасында өспеген шығар. Немесе отбасы толық болған, бірақ қызметбастылықпен балаға уақыт бөлінбеген. Бұл да баланың келешектегі ата-аналық сапасына кері әсерін тигізуі ықтимал. Әке-шеше перзенті үшін ең маңызды тұлғалар.

Менің ойымша, қазіргі заман ата-аналарына балаға тәрбие беруді үйрету керек. Жоғары оқу орындарындағы барлық мамандықтарға «заманауи психология курсын» енгізген дұрыс. Мейлі ол лекция түрінде болсын. Жастарды ата-ана болуға дайындаған жөн. Отбасындағы иерархия, жана атап өткен тәртіптер жөнінде айту керек. Некеге тұрған кезде отбасылық екі түрлі модель қосылатынын, алғашқы уақытта билік үшін бәсеке, күрес жүретінін, яғни кімнің моделі отбасында қолданылатындығы анықталатынын түсіндіру қажет. Мұның бәрі қалыпты дүние екендігін түсіндірейік. Уақыт өте келе ерлі-зайыптылар ынтымаққа келуі тиіс. Сол кезде ғана неке өміршең болады.

Жас отбасы әртүрлі себептен бұзылып жатады. Оның ішінде қосыла сала тап болатын тұрмыстық қиындықтар да бар, өзіңіз айтып өткен «екі отбасылық модельдің билік үшін таласы» да бар. Осы кезеңде екі жасқа көмектесе алатын, ақыл-кеңес беретін Орталықтар не тағы басқа орындар елімізде бар ма, жұмыс істей ме?

- Өз тарапымнан айта алатыным, біздің мекеме Интегративті және отбасылық психология институты деп аталады. Сондықтан мұндай проблемасы бар жастар үшін әрдайым есігіміз ашық. Оның үстіне, оларға барлық тренингтеріміз, кез келген консультацияларымыз еш ақысыз, тегін өткізіледі. Отбасындағы экономикалық қиындықтарын шешіп бере алмаймыз, әрине. Бірақ мұның бәрі өтпелі кезең екендігін, шаңырақтың құрылуына себепші болған сезімді, бір-біріне деген құрметті бағалаудың, сақтап қалудың маңыздылығын түсіндіреміз.

Қазір екінің бірі психолог. Психологиядан тренинг өткізетіндер арасында журналистерді, блогерлерді, бизнесмендерді, тіпті ақындарды да кездестіреміз. Бағалары да арзан емес. Онлайн да, офлайн да өткізіп жатады. Осыған қатысты пікіріңіз қандай?

- Сұрағыңыз өзекті. Бүгінгі күні психология үлкен сұранысқа ие ғылым. Адамдар сұраныс болған жаққа қарай жылжитыны белгілі ғой. Қазір ақша табудың амалын білу - құптарлық. Нарық заңын түсінемін. Осы тұрғыда оларды қолдауға да болады. Бірақ бұл жерде кәсіби біліктілік деңгейі мәселесі бар. Психологтың базалық білімі, таңдаған бағыты бойынша жоғары біліктілігі, тәжірибесі болуы тиіс.

Сөзсіз, олар мінберден әдемі сөйлеп, аудиторияны қызықтыруы мүмкін. Бірақ көп жағдайда ондай тренингтердің нәтижесі болмайды. Себебі, материалдары көп жағдайда интернеттен, кітаптардан, өзі бір-екі рет қатысқан психологиялық курстардан және өзінің тұрмыстық тәжірибесінен алынады. Бұл - этикалық норма, жауапкершілік мәселесі.

Кәсіби дұрыс көмек - бұл ұзақ процесс. Адамның санасын бірреттік тренингпен өзгертіп тастау мүмкін емес. Сондықтан, бұл мәселеге теріс көзқарастамын. Алайда, бұған заңмен тыйым салынып отырмағандықтан, ол жалғаса бермек. Оның үстіне, сұраныс бар.

Тәжірибелі маман ретінде қазақтың баланы атасы мен әжесінің бауырына салу, тәрбиесіне беру дәстүріне қалай қарайсыз?

- Бала көп жағдайда атасы мен әжесінің қолына екі жас отбасы ретінде қалыптасып, экономикалық тұрғыда аяққа тұрып кетуі үшін беріледі. Мысалға, жас ана студент болып жүріп босануы мүмкін. Осы тұрғыда  өз басым кемпір-шалды ең жақсы вариант деп есептеймін. Балалар үйіне өткізіп тастаған жоқ қой. «Балам - балым, немерем - жаным» деп бар мейірін аямай өсіретіні сөзсіз. Бірақ мұнда ана мен сәби арасында байланыс бұзылатынын ескеру қажет. Кейін бұл байланысты ұзақ уақыт қалпына келтіруге тура келеді. Әйел баланы қабылдауы үшін өз-өзімен көп жұмыс істеуі керек болады. Бұл жерде баламен де көп айналысуға тура келеді. Бірақ көп жағдайда үлкен жауапкершілік - анада. Әкенің рөлі де маңызды. Себебі шешім бірге қабылданды.

Кемпір-шалдың қолында өскен, бүгінде ана болып отырған әйелдер консультацияға көп келеді. Есейіп кетсе-дағы жүректе өкпелері бар. Нәресте тоғыз ай бойы ана құрсағында болады. Және бар жағынан дені сау болып өсуі үшін кем дегенде алғашқы 1,5 жылын ананың жанында өткізуі тиіс. Бұл аралықта қалған барлық өміріне тікелей әсер ететін қарым-қатынас орнайды. 1,5 жылдан кейін аздаған уақытқа қалдырып отыруға болады.

Ал үлкен баланы кемпір-шалдың қолына беру дәстүріне келетін болсақ, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Барлық дәстүр халықтың өмір сүру процесі барысында туындайды. Дегенмен, егер ол бүгінгі өміріміздің сапасын арттырмаса, қарым-қатынасымызды жақсартпаса - келмеске кетуі тиіс. Психолог ретінде бұл дәстүр бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас үшін пайдалы деп айта алмаймыз. Олардың арасындағы махаббат үзіледі. Бала өсе келе «ата-анам меннен бас тартты» деп ойлай бастайды. Және бірінші кезекте бұған анасын емес, өзін кінәлайды. Бойынан кінәрат іздей бастайды, комплекстер пайда болуы мүмкін.  Біздің мақсат - психологиялық тұрғыда дені сау баланы тәрбиелеп-өсіру.

Бала психологиялық тұрғыда дені сау болып өсуі ананың ерте кезеңде берген махаббатына тікелей байланысты екенін айтып өттіңіз.  Осы ретте, мінсіз ана, жар, келіннің образын сипаттап берсеңіз.

- Ең алдымен, әйел психологиялық, физикалық тұрғыда дені сау болуы қажет. Қазір отбасы жүйесінде басымдықты бірінші орынға ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас қойылады. Ескі жүйеде ата-ене тұрған. Әрине, егер олар бірге тұратын болса. Бүгінде ата-ене, не айналадағы басқа да жақындары екі жасқа отбасы ретінде қалыптасып кетуіне қолғабыс етуі тиіс деп санаймыз. Некелердің үштен екісі ажырасумен аяқталып жатқанын білесіздер.

Кейін, сәби дүниеге келген кезде басымдықты бірінші орынға бала шығады. Ерлі-зайыптылар ата-аналық міндеттермен бетпе-бет келеді. Нақты осы жерде, яғни ана болғаннан кейін күйеуіңмен қарым-қатынасты үзіп алмау маңызды. Себебі, отбасында ата-ананың өзі бірінші кезекте бақытты болуы тиіс. Күйеуіңізге, өмірге ренжіп, көзіңіз қайғы-мұңғы толып жүрсе балаңыздың бақытты болуын қалай тілей аласыз? Бала барлығын сезеді. Сондықтан, алғашқы орынға - жарыңды, екінші орынға - балаңды, кейін ата-енең мен басқаларын қойыңыз. Балаларыңыз сіздерге қарап, отбасын құру, ата-ана болу қандай тамаша дейтіндей болуы қажет. Күйеуіңізбен түсініспеушілік болса, әңгімені кейінге қалдырмаңыз, ішіңізде сақтамаңыз. Жалпы, кез келген мәселені шешудің амалы - үстел басына отырып, ашық сөйлесу.

Әйел адамның міндеті шынымен де ауыр: бір мезгілде сүйікті жар, ардақты ана, үлгілі келін болуы керек. Оған бірінші кезекте күйеуі көмектесуі тиіс. Балаларды сенімді адамға қалдырып, концертке, киноға, мейрамханаға барып келіңіздер. Психологияның Гештальт терапия бағытында «тап осы жерде және осы уақытта өмір сүру» принципі бар. Яғни оңаша қала тұра, балаларды уайымдап, оларға қайта-қайта қоңырау шалмаңыз. Бар ойыларыңыз бен зейініңіз бір-біріңізде болуы керек. Сол сияқты, жұмыстағы сәтсіздіктерді, ұрыс-керісті сонда қалдырып кетіңіз. Кешке үйге келгенде тынымсыз телефонмен алысуды қойыңыз. Баламен ойнап отырса да, телефон шұқылай беретін ата-ана бар. Бар зейінді сәбиіңізге аударып, 10-15 минут қана ойнасаңыз, оған сол жеткілікті.

Айта кетер тағы бір мәселе, отбасы аяққа тұрып кеткенін көргеннен кейін, олар өз бетімен өмір сүруі үшін дер уақытында шетке шыққан дұрыс. Ұлы немесе қызы болмаса өз өмірін елестете алмайтын ата-аналар бар. Бұл жерде, ене мен қайынене туралы айтып отырмыз. «Біз тудық, біз өстік, біз мектепке бардық, біз университет бітірдік, біз үйлендік» дейтін аналар бар. Яғни, баласымен бірге тұрмысқа шығады немесе үйленеді. Ана мен бала 3 жасқа дейін ажырамас бір бөлшек ретінде болуы қажет. Кейін балаға өз бетімен әрекет етуге, шешім қабылдауға үйреткен абзал. Ер адам өз анасының ықпалынан, әйел өз ата-анасынан алыстаған дұрыс.

Әрине, толық емес отбасында немесе ұрыс-керіске, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа толы жаняұда өсетін балалар болады. Олар өздері ата-ана болған кезде ауыр естеліктерді арқалап жүреді. Артқа қарай берсең, бүгінгі күніңді өткізіп аласың. Бәріне кешірім беру керек. Бұл әйелге де, ер адамға да қатысты. Ата-ана психологиялық тұрғыда дені сау болуы керектігін айтып өттік.

-  Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Автор: Мира Төлендіқызы
Басты сөздер: Қоғам, Медицина,
Жоғары қарай