Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Жаңаарқалықтар Астана қаласының атауын өзгертуді қолдайды

2019 жылдың 22 наурыз 2019 17:29

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы шаруа қожалығының ұжымы Астана қаласының атауын өзгертуді қолдайтындықтарын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ мекенінің «Ескене» шаруа қожалығы ұжымы Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы деген құрметті атаққа ие болған, кемел де кемеңгер саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтататыны жөнінде хабарды қимастықпен, өкінішпен қабыл алдық»,-деді ұжым өкілдері.

Олардың пікірінше, Нұрсұлтан Әбішұлы басқарған 30 жыл ішінде жеткен жетістіктеріміз көз алдымызда. Президентіміздің сарабдал салиқалы саясатының арқасында қазақ елі әлем картасынан ойып тұрып өз орнын алды. Бейбітшілік пен татулықты, ымырашылдықты ту етіп ұстанған Қазақстан елі көп мемлекет үшін үлгі бола білді.

«1998 жылы Астана қаласында өткен аграрлық кеңес отырысында Елбасымен алғашқы рет жүздестік. Ауыл шаруашылығы мәселесіне, ауыл адамдарына аса ілтипатпен, зор назармен қарап, санамызда өзіндік із қалдырды. Елбасымен жүздесу бақыты бұйырған әрбір адам сол кездесудің әсерінен көпке дейін арыла алмайтыны шындық.

Ұлт көшбасшысы қашанда аграрлық саланы қолдап, осы саланы дамыту мақсатында біраз шаруа атқарды. Елбасы қолдауының арқасында 2000 жылы шаруаларды қолдау бағдарламасы бойынша несеие алып, Қостанайдан 110 бас әулиекөл асыл тұқымды ірі қара мал басын алып «Ескене» шаруа қожалығын аштым. Қазіргі таңда 18 адамды жұмыспен қамтып отырмын»,-деді қожалық басшысы.

Оның пікірінше, Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының арқасында бүгінде елімізде қай салада болмасын өз ісін ашамын деген адамға барлық мүмкіндіктер жасап отыр.

«Бүгінгі күні Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп Тұңғыш Президентіміздің атын беру туралы шешімді біз, шаруа қожалығы ұжымы бір ауыздан қолдаймыз. Бұл лайықты шешім»,-дейді «Ескене» шаруа қожалығының иесі Әбиірхан Төлеуов.

Жоғары қарай