Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Жаңатас қаласының 50 жылдық мерейтойы аталып өтті

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 21:56

ЖАҢАТАС. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласының 50 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеншілер қаласы атанған Жаңатас өзінің жарты ғасырлық мерейтойын салтанатпен атап өтті. Осыдан 50 жыл бұрын қазыналы Қаратаудың қойнауындағы қала мәртебесіне ие болған Жаңатас қаласы бүгінде керегесін кеңінен жайып, жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келеді.

Жаңатас қаласының 50 жылдығына арналған екі күндік іс-шара аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты марапаттау жиынынан басталды.

Бұл күні кеншілер қаласының 50 жылдығына арнап «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Қаратау» тау-кен өңдеу кәсіпорны ұйымдастырған фотокөрменің ашылу салтанаты өтті. Кешкісін Мәдениет үйінде қала тұрғындары мен қонақтары әнші, домбырашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Бурмистрованың жеке концертін тамашалады.





Тойдың келесі күні қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралап, шағын шаһарда болып жатқан оңды өзгерістерге куә болды. Мерекелік шараға қатысушылар қаладағы «Еңбек Ерлері» аллеясын аралап, бокс мектебі жанынан жасалған «Street Workout» алаңшасындағы спортшылардың қойылымын тамашалауға мүмкіндік алды.

Бұл күні кеншілер қаласының мерейтойына орай аудандық Мәдениет үйінің алдында ұйымдастырылған қолөнер мен сурет көрмесі, кітаптар инсталляциясын және Жаңатас қаласының көрікті жерлерінің фото көрмесін тамашалаушылар аз болмады.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында қала тұрғындарын мерейлі мерейтоймен аудан әкімі Қанатбек Мәдібек құттықтады. Қаланың өткені мен болашағына көз жүгірткен аудан басшысы бұдан кейінгі қаланың дамуы мен өркендеуіне «Қаратау» өндірістік бірлестігінің құрамындағы кәсіпорындар мен олардың басшыларының қосқан айтарлықтай үлесіне айрықша тоқталды.





Мерейтой аясында аудандық мәслихаттың шешімімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі мен жемісті еңбегі үшін Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Төлеухан Оспанбековке, «Қаратау» тау-кен комбинатының ардагерлері Мұса Өтемісов пен Пернебек Райымбековке «Сарысу ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ, қаланың көркеюіне, гүлденуіне өз үлесін қосып жүрген бір топ азаматтар «Жаңатас қаласына – 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Салтанатты шара барысында «Сарысу» халық театрының «Жаңатас қалай аталды?» атты театрландырылған көрінісін тамашалап, Өнер мектебі мен аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы әндер мен күйлерді тыңдап тарқасты. Ал, орталық алаңда тұрғындар кешкен еліміздің эстрада жұлдыздары Ақбота Керімбекова, Нұржан Қалжан, Оңал Азаматова, өнер иелерінің қатысуымен өткен «Жаңатас – орындалған армандар қаласы» атты мерекелік гала-концертті тамашалады.



Автор Ғибрат Сембай
Басты сөздер: Мәдениет, Жамбыл облысы,
Жоғары қарай