Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Жас дизайнер ұлттық нақыштағы киімдерді әлемдік нарыққа шығармақ

2019 жылдың 2 ақпан 2019 20:44

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ұлттық нақышта киім тігетін шеберханасы бар ақтаулық жас кәсіпкер биыл әлемдік нарыққа шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 агенттігіне сілтеме жасап.

25 жастағы Медина Сақтағанова «қазақтың сан ғасырлық тарихы тұнған қолөнерімізді дүниежүзіне танытсам» дейді. Қазірдің өзінде Италия, Шотландия тұрғындарынан сұраныс түскен. Іскер бойжеткен биыл жастарға жыл арнап, қолдау танытқан Елбасыға Маңғыстау жастары атынан шапан тігіп бермек.

«Бірінші сыныпта жүргенде анама көмектесіп, ою қиғандарым есімде. Және мектептің кезеңдерінде сабақта өзімнің сабағымды айтып болғаннан кейін партама келіп, сурет салып отыратынмын. Әрдайым сурет салғанда пейжаз, табиғат емес, қуыршақтардың, киімдердің үлгілерін салатынмын», - дейді жас дизайнер.

Медина Сақтағанова киім пішіп, оны тігуді анасынан үйренген. Бала кезіндегі қолөнерге деген қызығушылық оның кәсіби сәнгер атануына жол ашты. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман 22 жасында киім тігу шеберханасын ашып, жеке кәсібін бастайды. Үш жыл ішінде іскер бойжеткен толағай табысқа жетіп үлгерді.

«Қазақ киімін, өнерін мен қолдамасам немесе сіз қолдамасаңыз, ол жоғалып кетеді. Қазағымыздың өнері, дәстүрі ұмытылмас үшін осы жылға дейінгі жинап-терген, анамнан алған тәжірибемді халыққа арнап, ерте замандағы оюларымызбен қазіргі заманауи сән үлгісін үйлестіріп, өте керемет туындылар шығарудамыз», - деп атап өтті кәсіпкер Медина Сақтағанова.

Тігін шеберханасында негізінен ұлттық нақыштағы киімдер тігіледі. Қазір ұзатылатын қыздарға арналған көйлектер, сәукеле, әйелдер қамзолы мен бешпетке үлкен сұраныс бар. Оюланып, өрнектелген күнделікті киетін киімдер де тігіліп жатыр. Мұнда қолынан іс келетін 15 адам еңбек етуде.

«Шеберхана ашылғалы осында еңбек етіп келе жатырмын. Мединадай іскер, еңбекқор қыздың командасына тап болғаныма қуанамын. Киімдердің үлгісін өзі салады. Біздегі көп жұмыс қолмен жасалатындықтан, аса ұқыптылықты қажет етеді. Оның үстіне аруларға арналған киімдер болғандықтан барынша әсемдеп тігуге тырысамыз», - дейді тігінші Аэлита Қошекенова.

Медина алдағы айда Ақтауға әлемге танымал сән саласының шеберлерін шақыртпақшы. Шеберханадағы қызметкерлермен бірге өзі де германиялық мамандардан дәріс алып, біліктілігін арттырмақ.

«Біздің Елбасы осы 2019 жылды Жастар жылы деп атады. Осыған орай өзімнің атымнан, Маңғыстаудың атынан керемет ұлттық нақышпен тігілген шапан сыйлағым келеді», - деп түйді сөзін жас кәсіпкер.

Ісін жаңа бастаған жас кәсіпкердің алға қойған мақсаты ауқымды. Қазақтың өрнегі бар киімдерді әлем жұртшылығы киіп жүрсе деген арманы бар. Биыл шетелдерде өтетін сән апталықтарына қатысып, тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.





Фото: mangystaumedia.kz

Жоғары қарай