Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Жастар жобалары Түркістан облысын дамытуға үлес қосады - Өмірзақ Шөкеев

2019 жылдың 11 маусым 2019 12:23 815

 ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысын дамытуға арналған жас мемлекеттік қызметшілер әзірлеген үздік жобалар әкімдік тарапынан толық қолдау табатын болады. Облыс әкімдігінде өткен жиында Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Жобалардың басым көпшілігі өңірдегі туризм саласын дамытуға бағытталған.  Атап айтқанда, «I-Shatyr» жобасы. Ол -  Ясауи кесенесі аймағында ыстықтан қорғайтын смарт шатырлар жүйесін орнату идеясы. Жобаны ұсынушы Жанбота Оразбаеваның айтуынша, интеллектуалды шатырлар ыстық климатты Түркістан қаласына лайық. Ясауи кесенесіне келуші туристерді жаздың күні күннен қорғап, көлеңкелеуге арналған. Жобамен танысқан облыс әкімі жаңа жүйені күз мезгіліне қарай іске қосу қажеттігін тапсырды.

«EKO-Jai» бұл - Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі айланасында туристер үшін экологиялық шағын демалыс үйлерін салу жобасы. Жоба авторы Мәмет Нұрболдың айтуынша, экологиялық үйлерде туристерге барлық жағдай жасалады. Жалпы құны 50 млн  теңгеге 10 үй салуды ұсынып отыр. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына жобаны жоспарға енгізіп, алдағы уақытта жүзеге асыру керектігін жүктеді.

«Zhan-Uia» жобасы. Өңірдегі қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру жүйесі. Саматулла Нуриланың айтуынша, бұл канадалық жоба бала күлкісі мен мейірімге мұқтаж жандарды жақындастыруға бағытталған. Жобамен танысқан облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы келесі жылдан бастап Түркістан қаласынан жобаға қажетті ғимараттардың құрылыс жұмыстарын бастау қажеттігін тапсырды.

«EthnoVillage» - бұл қаланың тарихи аймағына этноауыл салу жобасы. Жоба авторы Қоспаева Айжанның айтуынша, жалпы құны 40 млн теңгені құрайды. Ясауи кесенесі аймағынан бой көтеретін этноауыл келуші туристерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тағамдарын, төл ойындары мен қолөнерін таныстыратын болады. Жоба алдағы уақытта жүзеге асатын болады.



 Жиында таныстырылған келесі жоба «Е-Halyk жүйесі. Бұл -  көпбалалы аналарға жәрдемақы беруді оңтайландыруға арналған бағдарлама. Жоба авторы Есенбаев Нұрдаулеттің айтуынша, бағдарлама әлеуметтік жәрдемақыны еш кедергісіз, кезексіз алып, уақыт үнемдеуге бағытталған. 

Келесі «Таза сана, таза қала» жобасы -   Кентау қаласында қоқыс шығару жүйесін цифрландыру және тұрғындарды тазалыққа үгіттеуге арналған. Жоба авторы Ерманов Елнұрдың баяндауынша, жоба Кентау қаласындағы тазалық жүйесін цифрландыруға бағытталып отыр. Яғни, қоқыс жәшіктеріне арнайы QR-кодтар қойылып, қоқыстың көбейгені, жәшіктің босатылған уақыты орталықтандырылған жүйеге хабарланып отыратын болады. 

Айта кетейік, бұл жобаларды ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалында қайта даярлаудан өткен жас мемлекеттік қызметшілер ұсынып отыр. 













 

Жоғары қарай