Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Жайықтағы ахуал: Су әсерінен атыраулықтардың денсаулығына төнетін қауіп бар ма

2019 жылдың 13 наурыз 2019 20:17 684

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр балықтың қырылу жағдайы тіркелген Жайық өзеніндегі судың сапасы халықтың денсаулығына қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жағдай басталғаннан кейін біздің Атырау облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап күнделікті лабораториялық бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның ішінде ашық су қоймаларынан, ең алдымен Жайық өзенінен қазіргі таңға дейін 294 сынама зерттелді. Қалаға беріліп жатқан ауыз судың 170 сынамасы зерделенді. Осы Жайық өзенінде адамдардың ағзасына әсер тигізетін ешқандай заттар анықталған жоқ. Бүгінгі күні бірде-бір сынама көрсеткіштерінің асып бара жатқаны анықталған жоқ», - дейді Жандарбек Бекшин Атырау облысымен тікелей бейнебайланыс арқылы ОКҚ-да өткен телекөпірде.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласының мамандары бұл мәселені бақылауында ұстап отыр.

«Сонымен бірге, күнделікті Атырау қаласының тұрғындарының ауру-сырқаттарын бақылаудамыз. Мысалы, ішек ауруларының саны бойынша 120 жағдай тіркелсе, биыл 44 жағдай анықталып отыр. Яғни, аурулардың саны былтырмен салыстырғанда 2,5 есеге төмен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық жедел-медициналық көмек көрсететін станцияның деректері бойынша қалада бірде-бір жағдайды балықты пайдаланумен байланыстыруға болмайды», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылғаны туралы бірнеше ақпарат жариялаған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айының басында Атырау қаласының сыртындағы Перетаск шағын өзенінде балықтардың жаппай қырылу оқиғасы тіркелген еді.

Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны анықталған.

Айта кетейік, Атырауда Жайық өзенін балық өлекселерінен тазарту шаралары қолға алынды.

 

 

 

Жоғары қарай