Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Жазасын өтеп шыққандар алғашқы 3-4 айда жиі қылмыс жасайды - прокуратура

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 15:21

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық прокуратурасы жазасын өтеп шыққандар мен пробациялық бақылауда жүргендерді жұмыспен қамту мәселесін қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық прокуратурада заңдылықты қамтамасыз ету жөнінен үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оған барлық деңгейдегі әкімдіктер, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен облыстық полиция, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Кеңесте пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері қаралды.

«Жыл басынан бері 3176 сотталушы пробация бақылауына алынды. Оның 66-ы қайта қылмыс жасаған. Саралай келе қылмыс жасаған адамдардың 54% жұмыссыз жүрген болып шықты. Жазасын өтеп шыққандардың 15% алғашқы үш-төрт айда қайта қылмыс жасайды. Негізінде осы кезде олар жұмыс іздеп жүреді және қолы бос болғандықтан қателікке ұрынады. Барлық мекеме бірігіп, олардың жұмысқа орналасуына баса назар аударуы тиіс. Облыс прокуратурасы сотталғандарды жұмысқа орналастыру жөнінен жауапты мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін зерделеді. Талдау көрсеткендей, аталған бағытта күрделі кемшіліктер бар. Мемлекеттік аппараттың сапасыз жұмысы, нақты бекітілген ұйымдардың жұмысқа қабылдау жөнінен жүктелген міндеттерін орындамауы, сотталғандардың өздері ұсынған жұмысқа бармауы да жұмыстың жүйесіздігін көрсетеді», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. Айта кетейік, Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарында есепте тұрып, жұмысқа орналасқан 247 адамның зейнетақы аударымдары жасалмаған. Осы жылы облыс бойынша пробация есебінде тұрғандар үшін 483 жұмыс орнына квота берілген, бірақ ол тиісті дәрежеде орындалмай отыр. Тіпті бірқатар аудандар квотамен бір де бір сотталушыны жұмысқа орналастырмаған. Әрі 150-ден астам сотталушы ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартқан.

Жоғары қарай