Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Жемқорлық фактісін хабарлаған тұрғындарға қанша қаржы төленді

2019 жылдың 12 қыркүйек 2019 18:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы телефон арқылы хабарлау жағдайлары артып келеді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сall-орталыққа келіп түскен әрбір хабарлама уақтылы тексеріледі. Биылғы жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 378 қоңырау тіркелді, хабарламаларды тексеру нәтижелері бойынша ашылған қылмыстық істер саны артуда. Егер былтырғы жылы небәрі 32 іс қозғалса, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде сотқа дейінгі 31 тергеп-тексеру басталды. Осындай хабарламалар бойынша 15 адамның пара алу кезіндегі қылмысы әшкереленді. Олардың арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың және білім беру саласының қызметшілері бар. 5 адам сотталды», - деді Агенттіктің Әкімшілік-құқықтық департаменті құжат айналымы басқармасының басшысы Қуаныш Мырзағали.

Оның сөзіне қарағанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған немесе қылмысқа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді. Яғни, егер кінәлі адамға қатысты соттың әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, тиісті ынталандыру ескерілген.

Таратылған мәліметке қарағанда, биыл сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы, оның ішінде call-орталық арқылы хабарлаған 116 азамат 17,7 млн теңге сомасында ынталандырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде ел тұрғындары қай салалардағы заңсыздықтар бойынша көбірек шағымданатынын жария етті.



Жоғары қарай