Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Жеңіс Қасымбек көктемде болуы ықтимал су тасқынына дайындық туралы кеңес өткізді

2019 жылдың 18 наурыз 2019 21:25

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2019 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Қазгидрометтің көктемгі су тасқыны болжамына сәйкес еліміздің кейбір өңірлерінде су деңгейінің көтерілуі қауіптері байқалады.

ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, су тасқыны қауіптері Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында сақталған.

«Соңғы 2 аптада 675 км арық пен арнаны тазалау жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерден 2 млн 160 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының жолдарында 16 874 су өткізгіш нысандар тазартылды», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В. Беккер.

Оның айтуынша, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы (жазық бөлігі), Маңғыстау, Атырау облыстарында су тасқыны қауіпінің жоғары деңгейі белгіленген.

Өрттен құтқару бөлімшелері жоғары дайындық үстінде, оңтүстік өңірлерден Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарына жөнелтуге жоспарланған құтқару отрядтарының күштері мен құралдары есептелді.

Жалпы, азаматтық қорғау органдарының барлық бөлімшелері толық әзір.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ. Өскенбаев елімізде күн сайын патрульдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, 400-ден астам қауіпті учаскелер бақылауға алынғанын хабарлады. 689 бірлік барлық қажетті техника бекітілген.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев күнделікті барлық су қоймаларының жағдайы тексеріліп тұратынын айтты. Бүгінде су қоймалары тасқын суларды қабылдауға дайын. Жалпы алғанда, жағдай тұрақты.

Энергетика министрлігінің мәліметтерінше, Қазақстан аумағын қар басу көлемі 7 наурыздан 15 наурыз аралығында 11% (66%-дан 55 %-ға дейін) төмендеген. 7 наурыздан 14 наурызға дейінгі аралықта Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарында қар еріп кетті. Қалған аумақтарда қар жабынындағы ылғал қорының көлемі орта есеппен 20-30%-ға, кей жерлерде 70%-ға дейін азайған (Ақтөбе облысы), БҚО мен Ақтөбе облыстарында топырақтың қату тереңдігі орта есеппен 15 см-ге кеміді.

Өңірлердегі ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы онлайн режимінде Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдерінің орынбасарлары баяндады.

Кеңес қорытындысы бойынша, Ж. Қасымбек салалық мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға тұрақты мониторинг жүргізіп, жағдайды үнемі бақылауда ұстап, сонымен қатар тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

«Біз қар ең қатты еритін кезеңге келдік, бұл су тасқынының нағыз қиын кезеңі. Өңірлерде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр, тұрғындарды хабардар ету керек, адамдар өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдау керектігін білуі тиіс», - деді Ж. Қасымбек.

Премьер-Министрдің орынбасары сонымен қатар үкіметтік топтың су тасқыны кезеңіне әзірлігін бақылау үшін өңірлерге жұмыс сапарларын бастайтынын хабарлады.

Жоғары қарай