Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Жеңіс Қасымбек Жаңаарқа ауданының халқымен кездесті

2019 жылдың 14 қараша 2019 14:14

ЖАҢААРҚЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жаңаарқа ауданына жұмыс сапары барысында суағар резервуарында болып, газ құбырын қосу жұмыстары қалай жүріп жатқанымен танысты. Өңір басшысы жергілікті аурухана мен №5 қазандықты аралап көрді. Сондай-ақ облыс әкімі «Жанболат» шаруа қожалығында болып, аудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңаарқа ауданында аграрлық сектор жақсы дамыған. Мұнда 700-ден астам фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Жеңіс Қасымбек соның бірінде болып қайтты.

«Жанболат» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Директоры - Малдыбай Сүлейменов. Оның кәсіпорны әулиекөл және герефорд асыл тұқымды сиырын өсіреді. Сондай-ақ астық өсірумен айналысады. Қожалықтың сонымен қатар мал сою бекеті мен шұжық цехы бар.




Фермерлер облыс әкіміне басты мәселе – субсидия қажеттілігі туралы айтып берді.

«Жыл сайын мал санын көбейтеміз. Іс жақсы жүріп жатыр. Қазір көп жастар осы іспен айналыса бастады. Бір ғана мәселе бар - субсидия. Бізге көмектесуіңізді сұраймыз», - дейді фермерлердің бірі Қуат Ахметов.




Жеңіс Қасымбек бұл мәселе жақын арада шешілетінін айтты. Шаруа және фермер қожалықтарын қолдауға республикалық және облыстық бюджеттерден қаражат бөлу жоспарланып отыр.




Әкіммен кездесуде ақсақалдар ауданның ең маңызды мәселелері туралы әңгімеледі. Оның негізгісі – электр энергиясымен, газбен және сумен қамтамасыз ету проблемасы.

«Сіздер көтерген барлық мәселе өте өзекті. Мен бірнеше нысанды аралап, қалай жұмыс істеп жатқанын көрдім. Электр энергиясы мәселесін шешу үшін аудан әкімдігі қажетті құжаттарды дайындап, жеткізушімен келіседі. Содан кейін біз қажетті қаражатты бөлеміз. Сумен қамтамасыз ету үшін 1 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат қаралады. Ал газ аудан орталығына 2021 жылға қарай келеді. Алдағы жылдары сіздердің проблеманы шешеміз», - деп сендірді Жеңіс Қасымбек.




Жаңаарқа ауданында 12 ауылдық округ және 2 кент бар. Онда 40 мыңға жуық халық тұрады.




Жоғары қарай