Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Жеңіс Қасымбек жол жөндеуге жергілікті жұмысшыларды тартуды тапсырды

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 08:57

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстарының көлемі 4 есе артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар Қарағанды өңірінде облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу қарқындай түспек. Осы жобаларда жергілікті халықты жұмысқа барынша тарту керек, деп есептейді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

«Биыл автомобиль жолдарын салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру және жұмыс көлемі 3,5-4 есе ұлғаяды. Республикалық жолдардың 30%-дан астамын бірінші және екінші санатқа ауыстыру жоспарланып отыр. Жалпы жергілікті және республикалық жолдарға 4500-ге жуық жұмысшы және 3000-нан астам техника жұмылдырылады. Өңір үшін бұл - жаңа жұмыс орындары мен инвестиция. Жергілікті кадрларды барынша тарту үшін мердігерлік ұйымдармен жұмыс жүргізу қажет», - деді Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, облыста жол жұмысшыларын жедел тәртіпте дайындайтын 17 оқу орталығы бар. Онда бульдозерші, төсеуші, экскаваторшы секілді 11 мамандықты меңгеріп шығуға болады.

Облыс әкімі сондай-ақ құрылыс материалдары қорын уақытылы дайындауды тапсырды.

«Құрылыс жұмыстары мен қолданылатын жол-құрылыс материалдарының сапасын қамтамасыз ету ерекше бақылауда болады», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Жолаушылар көлігі және автожол басқармасы басшысының орынбасары Саят Шаймин хабарлағандай, облыста 2020 жылы республикалық және облыстық маңызы бар 1 500 шақырымнан астам автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі - 77%. Ал биыл сол көрсеткішті 84%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

«Орталық-Оңтүстік» ауқымды жобасын қоса алғанда, облыстың жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыс жалғасады. «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» өтпелі нысанын қайта құру жоспарланған. Сондай-ақ «Қарағанды-Саран-Шахтинск» автожолы учаскесінде жұмыс жалғасады. 2020 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 50/50 паритеттік негізде жергілікті маңызы бар, ұзақтығы 415 шақырым болатын автожолдардың 20 учаскесін орташа жөндеу қарастырылған. Оның ішінде Қазақстанның туристік картасына енген Қарқаралы және Ұлытау аудандарындағы объектілер бар», - деп хабарлады баяндамашы.

Биыл Осакаров, Абай, Нұра және Бұқар Жырау аудандарында 5 жаңа жобаны бастау жоспарланып отыр. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша облыстың бес ауданындағы жеті кенттің 35 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Автожолдардың ұзындығы бойынша Қарағанды облысы республикада бесінші орында. Өңір бойымен 12 441 шақырым жол өтеді, оның ішінде 2 785 шақырымы - республикалық маңызы бар жол. 3 462 шақырым - облыстық және 6 194 шақырым - аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелері.


Жоғары қарай