Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Жеңіс Сейдуллаұлы: Үкіметтің қолдауына ие болған өнер адамы тек биіктен көрінері анық

2019 жылдың 3 қыркүйек 2019 15:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие болған, ешбір алаңсыз өз ісіне берілген өнер адамы шығармашылықта тек биіктен көрінері анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет қызметкерлерін қолдау бастамасына қатысты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында еліміздегі маңызды саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелері жөнінде сөз қозғалды. Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасына негіз болған «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» қағидалары Жолдауда айқын көрініс тапты дер едім. Қазақ музыка өнерінің қарашаңырағына айналған «Қазақконцерт» ұжымы Жолдауда айтылған халықты әлеуметтік қолдауға қатысты игі бастамаларды ерекше ықыласпен қабылдады. Әсіресе «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөліміндегі «Мәдениет қызметкерлерін қолдау» бағыты барша өнер қызметкерлерінің жұмысына тың серпін берерлік іс-шараларды қамтыған», - дейді Жеңіс Сейдуллаұлы.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Президент атап өткендей, мәдениет саласының қызметкерлері мен өнер қайраткерлерінің әлеуметтік жағдайын міндетті түрде жақсарту керек деген пікірде.

«Әлеуметтік жағдайы қарастырылмаған, үнемі қосымша табыс көзін іздеп жүретін, материалдық тұрмысы төмен өнерпаздың шын өнерге адал болуы екіталай. Ал Үкімет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие болған, ешбір алаңсыз өз ісіне берілген өнер адамы шығармашылықта тек биіктен көрінетіні анық. Бұған қоса, Жолдауда көрсетілгендей, жас мамандар үшін жеңілдігі бар тұрғын үйлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету Елбасы жариялаған биылғы «Жастар жылы» аясында аса өзекті. Бұл, өз алдына, шығармашылық құрамының 80 пайызы жастардан тұратын «Қазақконцерттің» әртістері мен өнер ұжымдарына, олардың жемісті еңбек етуіне ерекше моральдық стимул береді», - дейді ол.

Сөз соңында Жеңіс Сейдуллаұлы Президенттің Жолдауында көрсетілген барлық әлеуметтік бастамалар сәтті жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

«Үкіметтің жан-жақты қолдауы мен қамқорлығын сезінген әрбір жас талант барлық күш-жігерін Ұлы Дала мәдениетінің одан әрі өркендеуіне жұмсары анық», - деп түйіндеді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Еске сала кетсек, күні кеше Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мәдениет саласының қызметкерлерінің айлығын көтеруді тапсырған болатын.

«Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.


Жоғары қарай