Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Жер бетінде бейбітшілікті қалай орнатуға болады? - Әлемдік баспасөзге шолу

2019 жылдың 23 ақпан 2019 11:27

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

АҚШ пен Ұлыбританияның үстемдігі азайып барады - Bloomberg




null Бірнеше онжылдықта Ұлыбритания мен АҚШ бүкіл әлем бойынша саяси үстемдікке ие болып келді. Дегенмен, Bloomberg басылымының жазуынша, бүгінгі таңда англосфера өзінің беделінен айырылып жатқан көрінеді.

Мақала авторының айтуынша, Дональд Трамп Конгреспен АҚШ-тың оңтүстігіндегі төтенше жағдай бойынша келісе алмай жатыр. Ал Ұлыбритания билігінің Брекситпен басы қатып жүр.

«АҚШ пен Ұлыбритания ашық нарығы, жаһандану жетістіктері, бостандық мәселелері бойынша көп мемлекеттерден алда келе жатыр еді. Алайда олар танымалдығынан да айырылып жатыр. Америка мен Ұлыбританияның әлемдік аренадағы алатын орындары ойсырап қалуы мүмкін. Сонымен қатар, азаматтардың еркіндігі, экономикаға пайда әкелетін еркін саудасы да бәсеңдеп барады. Әрине, англосфера ұсынған идеялар көптеген адамдарға кедейліктен шығуға көмектесті. АҚШ пен Ұлыбритания әлі де технология, қаржы, білім беру салаларында алда келе жатыр. Сондықтан бұл екі мемлекет өз күштерін жинап, қайта қалыпқа келуге тырысулары қажет», - деп жазады автор.

2022 жылы Сеулде робототехника музейі ашылады - World Architecture




null Үш жылдан кейін Сеулде робот ғылымына арналған музей ресми түрде ашылады. World Architecture басылымының жазуынша, музейдің жобасына да, құрылысына да роботтар жауап беретін болады.

«Melike Altinisik Architects (MAA) фирмасы роботтарға арналған музей бойынша халықаралық конкурста жеңіске жеткенін хабарлады. Бұл музей Сеулдегі Metropolitan Museum филиалына айналады. Компания өкілдерінің айтуынша, музей жобасы, материалдар өндірісі мен объектінің құрылысына роботтар қатысатын болады», - деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, жаңа музей 2500 шаршы метр жерді алатын болады.

«Музейге робототехника жетістіктерімен қоса жасанды интеллект жүйесі бар экспонаттар қойылады. Құрылыс 2020 жылы басталады. Музей 2022 жылы ашылады. Мамандар музей құрылысына роботтарды жүктеу уақытты да, ақшаны да үнемдейтінін айтуда», - дейді автор.

Жасанды интеллект өнер туындысын жасай алмайды - Technology Review




null Соңғы кездері жасанды интеллект жүйесі бар роботтар суреттер салып бәсекеге түсуде. Сондай жұмыстардың бірі 2018 жылы желтоқсанда аукциондардың бірінде жарты миллион долларға сатылғаны белгілі. Дегенмен, Technology Review басылымының жазуынша, мұндай өнер тек адамға ғана тән және оны ешбір жасанды интеллект меңгере алмайды.

«Гарвард университетінің философия профессоры Шон Дорренс Келли жасанды интеллект Бах кантатасын жақсы меңгере алса да, ешқашан адамнан асып түсіп, креативті агентке айнала алмайтынын айтты»,- деп жазады басылым.

Автордың айтуынша, өнер тек адамзатқа ғана тән. Ал технологиялар дамыған сайын біз өнерді дұрыс бағаламайтын болғанбыз.

«Өнерді меңгеру үшін роботтар адамның ықпалынсыз өздері ойлап үйренулері керек. Ал бұл жақын арада бола қоймайды», -деп айтыпты Гарвард профессоры.

Жер бетінде бейбітшілікті қалай орнатуға болады? - ВВС

ВВС басылымының жазуынша, жасанды интеллект планетамызда бейбіт өмір орнатуға көмектесе алады.




null «Қай жердегі шиеленістің соңы соғысқа ұласып, қай түкпірдегі азық түлік жетіспеушілігі аштыққа апаратынын болжау бүкіл әлем бойынша бейбіт өмір орнатуға көмектесе алады. Яғни, бұл болжамдар гуманитарлық дағдарыстың алдын алып, дер кезінде көмек көрсетуге әсер ететін болады», - деп жазады басылым.

БҰҰ мәліметтеріне сенсек, 2017 жылы 68,5 миллион адам аштық, соғыс пен табиғи апаттар салдарынан өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл әр күн сайын шамамен 44 000 адам тұрғын жайларын тастап кетеді.

«Саяси, этникалық немесе діни шиеленістердің ушығуын алдын ала болжау қиын. Дегенмен, ғалымдар мұндай күрделі ақпараттарды сараптауға жасанды интеллект көмектесе алатынына сенімді», - деп жазады автор.

Кинодағы көп ақша қайдан алынады? - CNN




null Кинодағы көп ақша көрерменге барынша шынайы көрінеді. CNN басылымының жазуынша, оның өзіндік сыры бар.

«Атлантадағы RJR Props компаниясы кино түсірілімінде қолданылатын жалған ақша шығарумен айналысады. Оның айтуынша жалған ақша шығару заң жүзінде жүргізілуі керек екен. Олай болмаған жағдайда кез келген түсірілім тоқтатылып, фильм жарамсыз саналады», - деп жазады басылым.

«АҚШ-та жалған ақша федералды заңға сәйкес болуы керек. Сонымен қатар, киноға арналған ақшаны шын банкноттардың дизайнын өзгертпей жасау міндет саналады», - деп жазады басылым. Автордың айтуынша, бұл компания кино түсірімдеріне ақша шығаратын әлемдегі жалғыз компания.

«Киноға арнап жалған ақша шығару өте көп шығынды қажет етеді. Бір бума ақшаның бағасы 45 доллардан 65 доллар арасында болады. Бір бумаға жүз банкнот бар», дейді компания иесі Раппор.

Автор Айкүміс Болатбек
Басты сөздер: Әлем, БАҚ,
Жоғары қарай