Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Жер бетіндегі халықтың 41 пайызы 24 жасқа толмаған - Әлемдік баспасөзге шолу

2019 жылдың 27 қазан 2019 16:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Сақалды адамдардың жақсы жұмыс табуы қиын – Daily Mail




«Бұл хипстерлер үшін жақсы жаңалық болмауы мүмкін, бірақ ғалымдар сақалы бар адамдарға жақсы жұмыс табудың қиын екенін айтты», деп жазады Daily Mail.

Басылымның хабарлауынша, ғалымдар соңғы зерттеулер нәтижесінде жұмыс берушілер сақалды адамдарды ұжыммен тез тіл табыса алмайды деп қабылдайтынын анықтаған.

«Флоридадағы Роллинс колледжінің психологтары жұмыс берушілердің не себепті сақалды адамдардан қашқақтайтынын анықтай алмады. Дегенмен, бұған дейінгі зерттеулерде сақал адамды ашулы етіп көрсететіні айтылған еді», деп жазады басылым.

Ғалымдар зерттеуі туралы мақала The Journal of Social Psychology журналында жарияланған. Онда авторлар бұл жаңалық жұмыс іздеп жүрген адамдарға көмек бола алатыны айтылған. Сонымен қатар бұл зерттеуде жұмыс берушілер көзілдірік таққан немесе галстук киген адамдарды да жақсы қабылдайтыны анықталған

39 адамның денесі табылған көліктің жүргізушісі адам өлтірді деп айыпталды – ВВС




Солтүстік Ирландияның 25 жастағы тұрғыны Мо Робинсон Англияның Эссекс графтығында жүк көлігінен табылған 39 адамның өліміне кінәлі деп айыпталуда, деп жазады ВВС.

Бұған дейін полиция көліктен 31 ер және 8 әйел адамның денесін тапқанын хабарлаған болатынбыз. Оқиғаға күдікті ретінде бес адам қамауға алынған еді.

Полицияның болжамы бойынша, жүк көлігі Болгариядан келіп, Уэльс графтығының Холихед порты арқылы ел аумағына 19 қазанда кірген. Жергілікті полицияның мәліметінше, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған. 25 жастағы солтүстікирландиялық жүк көлігінің жүргізушісі адам өлтірді деп айыпталып отыр.

Мәйіттерді сәйкестендіру процесі басталып кетті. Алайда полиция бұл іс ұзаққа созылуы мүмкін екенін хабарлады. ВВС басылымы қаза тапқандар арасында Вьетнам азаматтары бар екенін анықтады. Вьетнамдық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Эссексте жүк көлігі табылғаннан кейін жиырма шақты жергілікті тұрғын өздерінің жақындарын таба алмай отырғанын хабарлаған. Вьетнамның Лондондағы елшілігі жағдайды бақылап отырғанын және Британия билігімен байланыста екенін хабарлады.

Калифорниядағы орман өрті:

миллиондаған адам жарықсыз қалуы мүмкін – The New York Times

АҚШ-тың Калифорния штатының миллиондаған тұрғыны орман өртінің кесірінен жарықсыз қалуы мүмкін. Лос-Анжелесте төтенше жағдай жарияланды, деп жазады The New York Times.

Калифорниядағы ең ірі электр энергиясының компаниясының хабарлауынша, жарық штаттың 36 округында сөнуі мүмкін. Ал штат губернаторы компанияны дұрыс жұмыс істемей жатқаны үшін кінәлады. Сонымен қатар ол жарық сөнетін тұрғындарға 100 доллар жеңілдік беруді талап етті.

Жұма күні PG&E компаниясы 850 мың адамның жарықсыз қалуы мүмкін екенін ескертті. Бұл жағдай 2 млн адамға әсер етуі мүмкін. Компания өкілдерінің айтуынша, қатты желден электр желілері зақымданып, тұтануы мүмкін, ал орман өртіне құрғақшылық әсер етіп отыр.

Айта кету керек, өрт сәрсенбі күні басталған еді. Өрт басталғанға дейін жеті минут бұрынPG&E желілерінің зақымданғаны белгілі болды. Дегенмен, өрттің басталу себебі әлі анықталған жоқ.

Калифорния штатында 2018 жылы штат тарихындағы ең ірі өрт салдарынан 85 адам қаза тапқан болатын. Ол кезде өрт PG&E желілеріндегі авария салдарынан болған еді.

Әлем халқының 41 пайызы 24 жасқа толмаған – The Guardian




«Әлем бойынша барлық халықтың 41%, яғни, шамамен 7,7 миллиард адам 24 немесе одан төмен жаста. Африкада халықтың 41% 15 жасқа толмаған. Әлемдегі халықтың 65% өмір сүретін Азия мен Латын Америкасында бұл көрсеткіш 25% құрайды», деп жазады The Guardian.

Басылымының хабарлауынша, дамыған елдерде дисбаланс басқаша өрбиді. Яғни, еуропалықтардың тек 16% 15 жастан төмен, ал халықтың 18% 65 жастан асқан.

«Бұл жаһандық феномен саяси бомбаға ұқсайды. Әр ай сайын Үндістанда миллион адам 18-ге толады және дауыс беру құқығына ие болады. Ал Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада алдағы бес жылда 27 миллион жас жұмыс нарығына аяқ басады. Осылайша халықты жұмыс орындарымен қамтымайтын, тиісті жалақы мен тұрғын үй ұсына алмайтын үкіметтер үлкен проблемаға тап болады», деп жазады басылым.

Автор мақалада жастардың көбі білімді екенін жазады.

«Әлеуметтік желілердің арқасында, ағылшын тілі мен интернеттегі ақпараттың жаһандануы мен демократизациялануының арқасында жастар өмірдің альтернатив нұсқаларына өте ашық, сонымен қатар әмбебап нормалар мен құқықтарға тез бейімделеді. Сонымен қатар олар сөз бостандығының шектелуін қабылдай алмайды», деп жазады автор. Оның айтуынша, әлемде дәл осы әлеуметтік эволюцияға байланысты саяси өзгерістерді байқауға болады.

Марк Цукерберг Facebook үшін жаңа валюта жасағысы келеді – Vox




Фейсбук компаниясының бас директоры Марк Цукерберг Конгрестің Қаржылық қызметк омитетінің алдында есеп берді, деп жазады Vox.

Марк Цукерберг осы аптада Вашингтонға барып, Конгресс алдында компанияның жаһандық валютасын жасау идеясын қорғады. Оның айтуынша, жаңа төлем жүйесі бірнеше проблеманы шеше алады.

«Біріншіден, бұл банк есепшотына қол жеткізе алмайтын немесе банктің жоғары комиссиясынан құтылғысы келетін адамдарға пайдасын тигізеді. Екіншіден, бүгінгі таңда бір мемлекеттен екінші мемлекетке ақша аудару өте қымбат тұрады. Ал Фейсбуктың жаңа валютасы біршама арзан альтернатива болмақ. Үшіншіден, қазіргі таңда транзакциялардың көпшілігі көп уақыт алады әрі баяу жүзеге асырылады, ал Фейсбук валютасы бұл проблеманы шеше алады», дейді Марк Цукерберг.

Автор Айкүміс Болатбек
Басты сөздер: Әлем,
Жоғары қарай