Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Жетісай ауданында ауыл қариялары құрметке бөленді

2019 жылдың 30 қыркүйек 2019 16:56

ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай ауданында 1 қазан - халықаралық қарттар мерекесі қарсаңында мерекелік шара өтті. Жаңа ауыл ауылдық округінің тұрғындары мен ауыл әкімі Нұрлыбек Бахтияров қарияларға арнап дастархан жайып, сый-құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара аясында ас беріліп, құран бағышталды. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген ел ағаларына Жаңа ауыл ауылдық округі әкімінің алғыс хаты табысталды. Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары Мырзашөл даласының өткені мен бүгінін, тәуелсіз Қазақстан елінің қол жеткізген жетістіктерін айтып, осынау бейбіт заманның негізін қалаған азаматтарға алғыс айтты.

Сонымен қатар, мерекелік дастархан басында аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа жақсы менен жаманның аражігін ажырататын өсиеті мен ақыл-кеңесін айтып өтті. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгесілмеуін тіледі.

«Бүгінгі жас – ертеңгі елдің сенім артқан болашағы. Біз жастарымызға қандай өнеге көрсетіп, қандай тәрбие берсек еліміздің болашағы солай қалыптасады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде «сенікі, менікі» деген түсінік болмауы керек. Ол – баршамызға ортақ міндет»,- дейді қазыналы қарттар.

Жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттарымыздың төл мерекесін жоғары деңгейде атап өтуде Жетісай аудандық және Жаңа ауыл ауылдық округі мәдениет үйі өнерпаздары да үлес қосып, күмбірлете күй төгіп, әсем әннен шашу шашты.

Жоғары қарай