Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Жолдаудағы бастамалар көпбалалы отбасылар мен жастарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді  – Бейсен Тәжібаев

2019 жылдың 2 қыркүйек 2019 20:44

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Nur Otan» партиясының өзге де саяси партиялармен серіктесе отырып жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы осы тұста жетекші партияның нағыз қоғамшыл, нағыз халықшыл партияға айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл бастаманы партия мүшелері де бірауыздан қолдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың пікірінше, бүгінгі нұротандықтар осы сөздің түп-төркінін терең ұғынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге барынша атсалысуы тиіс.

«Ол үшін барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өзге де саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстармен біте қайнасып, бірлесе әрекет етсе, ұтымды болары анық. Халықтың сенімін ақтаудан басқа ұлы мұрат жоқ. Ел түрлі қиындықтар мен кедергілерге ұшырағанда «Nur Otanға» үміт артып, көмек сұрап келеді. Өткен 8 айдың өзінде біздің облыстық Қоғамдық қабылдауға 5204 арыз-шағым түскен. Мұнда көтерілген мәселенің басым бөлігі шешімін тауып, тиісті көмектер көрсетілді. Дегенмен қордаланған мәселелер жеткілікті. Оны бәріміз келісім столында кеңесе отырып шешкеніміз дұрыс. Халықпен байланыс жаңаша форматта жандануы тиіс», - дейді Бейсен Тәжібаев.

Облыстық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ, партия өкілдерінің соңғы жылдары түйінді түйткілді мәселелерді мінбелерде емес, көшелерде талқыланып жүргенін айтады. Яғни елімізде азаматтық қоғаммен диалог әлі дұрыс орныға алған жоқ.

«Билік пен халықтың арасында қоғамдық диалог дұрыс орнықпаса, еліміздегі татулық пен тұрақтылық туралы сөз қозғау бекер болады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер осы байланыстың дұрыс орнығуына өзіндік үлесін қосуы тиіс. Әрбір мемлекетшіл азамат халықтың мұң-мұқтажын тыңдаудан қашпау керек. Билікке түйінді түйткілді дер кезінде көре білетін, оның шешілу жолын таба білетін азаматтар қажет. Сонда ғана кез келген түйткілдің түйінін тарқатуға болады. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең басты қасиет» деген қанатты сөзі біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық, барлығымыз бірге болсақ еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін», - деді.

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселенің бірі – баспана мәселесі. «2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады», - деді Президент. Бұл мәселеге орай Бейсен Тәжібаев аталған бағдарламаның тиімділігі мол екенін алға тартады.

«Яғни, жеңілдік мөлшерлемесі небәрі 2 пайызды, алғашқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Егер біз осы бағдарламаны толық іске асыра алсақ, қаншама көпбалалы отбасы мен мүгедек бала асырушы жанұяларды, жастарды баспанамен қамтыған болар едік. Елдің дамуын әрбір отбасы сезінгенде ғана берекелі қоғам орнайды. Ал баспаналы болу соның басты шарты. Бұл бағытта соңғы жылдары нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Түркістан қаласының өзінде өткен аптада 700-дей әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы баспанаға қол жеткізді. Бұл жұмыстар еселенері анық»,- дейді филиал төрағасының орынбасары.


Жоғары қарай