Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Жыл басынан бері шет елдерден 7 мың қандасымыз көшіп келген

2019 жылдың 25 маусым 2019 15:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қазақстанға шет елдерден 7 мың қандас көшіп келді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Қазақстаннан тыс елде өмір сүріп жатқан қандастарымызды елге оралуға әлі де шақырып жатырмыз. Осы жылы шеттен 7 мың адам көшіп келді. Екіншіден, әлбетте, ішкі миграция саласында атқарылатын жұмыстар да бар. Өздеріңіз білетіндей, бізге жұмыссыздық байқалатын өңірлерден жұмыс орыны мол өңірлерге халықты көшіру туралы тапсырма жүктелген. Атап айтқанда, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен шығысқа, солтүстікке көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 900 адам көшті», - деді Бердібек Сапарбаев.

Министр сонымен қатар, «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы барын еске сала отырып, «Еңбек» бағдарламасына Нұр-Сұлтан қаласы да енгізілгенін атап өтті.

«Қазіргі таңда 77 адам елордадан көшірілді», - деді ол.

Еске сала кетсек, Қазақстанда оралмандарды бейімдеу орталықтары құрылатынын Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кезінде мәлім еткен болатын.

«Ең алдымен отандастарымызға Қазақстанның кез келген өңірінде өмір сүруге мүмкіндік береді. Екіншіден, қоныс аудару барысында қала не болмаса ауылға яғни, жергілікті жерлерге байланысты отбасының әрбір мүшесіне шамамен 8 мың теңге төленеді. Егер пәтер не болмаса тұрғын үй бірден берілмесе, онда 12 ай бойы 30-дан 70 мың теңгеге дейін төленеді», - деді министр.

Жоғары қарай