Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Жыл соңында әлемдегі жұмыссыздар саны 190 миллионнан асады – БҰҰ

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 14:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі күні әлем бойынша жұмыссыздар саны 188 миллион адамды құрайды. 2020 жылдың соңына қарай олардың қатары тағы 2,5 миллион адамға толығуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ ресми сайты Халықаралық еңбек ұйымының жаңа баяндамасына сілтеме жасап хабарлады.

Оған себеп – еңбекке қабілетті адамдар санының өсуі жаңа жұмыс орындарының құрылу қарқынын басып озуда. Бұл ретте, әлемде жұмысшы кедейлердің саны артып келеді.

Баяндамаға сәйкес, жарты миллиардқа жуық адам өздері қалағаннан аз еңбек етеді және ол үшін тиын-тебен алады немесе мүлдем жұмыс істемейді.

«Миллиондаған қарапайым адамға еңбек арқылы өмірін жақсарту қиын болып барады», - деді Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Гай Райдер.

Әлемде 188 миллион адам жұмыссыз болғанынан бөлек, тағы 165 миллионы төменгі жалақы алады. Бұған қоса, жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген 120 миллион адам екі қолға бір күрек таппай отыр. Осылайша, жұмыспен қамту саласындағы дағдарыс жалпы 470 миллион адамды қамтиды.

«Қазіргі уақытта 630 млн жұмысшы (еңбек ететін әрбір бесінші адам) кедейшілікте өмір сүріп, күніне 3,2 доллардан аз ақша алады. Жұмыссыздықтан көбіне жастар зардап шегетініне қарап, теңсіздік белең алғанын байқауға болады. Қазіргі күні әлемде 15-24 жас аралығындағы 267 млн жастың жұмысы жоқ», - делінген мәліметте.


Басты сөздер: Әлем, БҰҰ,
Жоғары қарай