今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Абылай Мырзахметов: Бизнес ақшасын жоғалтса, адамдар денсаулығын, өмірін жоғалтып жатыр

28 七月 2021 19:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазір кәсіпкерлерге шектеу шаралары үшін өтемақы алғаннан, Ashyq жүйесіне кіріп табыс тапқан тиімді. Ал ол үшін вакцинация мәселесін біржола шешу керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасынан карантин шектеулерінің кесірінен жұмысы тоқтаған кәсіпорын қызметкерлеріне кім айлық төлейтінін сұрады.

«Қазір кәсіпкерлік нысандарының жұмысына 100 пайыз шектеу қойылып отырған жоқ. Сондықтан өтемақы төлеу туралы мәселені қалай көтере аламыз? Иә, бизнесмендер ондай мәселе көтеріп жатыр. Бірақ бір аптадан кейін жағдайды жақсартамыз. 2 тамызда күшіне енетін жаңа қаулы тіпті кейбір саладағы кәсіпорындардың жұмыс ахуалын жақсартады. Бұған дейін олар толық шектеуде болды және өтемақы төлеу мәселесін көтеруге құқылы болатын. Енді оларға Ashyq жүйесіне кіріп жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бір апта жұмыс істеп көрейік. Біз ахуалға мониторинг жүргізіп отырмыз, бизнеспен ұдайы байланыстамыз», - деді палата басшысы.

Абылай Мырзахемтеов шектеу кесірінен айлықтың бір бөлігінен қағылған кәсіпорын жұмысшыларының мәселесіне де тоқталды.

«Шектеулердің бәрі демалыс күндеріне қатысты. Ал демалыс күні кәсіпорындардың бәрі жұмыс істей бермейді. Бәлкім қоғамдық тамақтану орындары зардап шеккен шығар. Екі аптаның демалыс күндерінде қойылған шектеуден болып қызметкерлер сондай бір орасан ақшадан қағылды деп ойламаймын. Бизнес қазір ахуалдың күрделі екенін түсініп отыр. Тағы да айтамын. Мен әуел баста айтқанмын. Бәрімізге жауапты болу керек. Түсінемін, бизнесмен ақшасын жоғалтып жатыр. Бірақ мына жақта адамдар өмірін, денсаулығын жоғалтып жатыр. Сондықтан сын-қатер бизнеске ғана емес, бәрімізге түсіп отыр», - деді Ұлттық әкіспкерлер палатасының басқарма төрағасы.

Сондай-ақ, жұмыс берушілерді вакцианалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға үндеді.

«Мен бизнесмен әріптестерімді екі апта шектеумен жұмыс істеп көруге шақырамын. Осы мерзімде ахуал жақсарса, жеңілдіктер туралы мәселе көтереміз. Қалай болса да, бізге вакцинация мәселесін шешу керек. Ол мәселені шешпесек, қайта-қайта шектеуге тап бола береміз. Мұндай түсініксіздік бизнеске шектеуден де көп шығын әкеледі. Өйткені, ертең не болатынын білмейтін кәсіпкер табысы мен шығынын да дұрыс жоспарлай алмайды», - деді Абылай Мырзахметов.


回到顶部