今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ashyq жүйесіндегі жауапты кәсіпкерлерге қандай ынталандыру көрсетіледі

28 七月 2021 18:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ashyq жүйесімен барлық азаматтарды тіркейтін жауапты кәсіпкерлерге ынталандыру жасалады. Бұл туралы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта еліміздегі 16 өңір «қызыл» аймақта тұр, оның бесеуінде – Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда облыстарында жағдай тым күрделі. Жаңа қаулыға сәйкес, аталған бес өңірдегі кәсіпкерлер 2 тамыздан бастап, тек Ashyq жүйесінде ғана 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Біздің келісім бойынша Ashyq жүйесіндегі нысандар да, әсіресе қызмет көрсету саласы демалыс күндері толық тоқтатылады. Бұл жерде Ashyq жүйесімен барлық азаматтарды тіркейтін өте жауапты кәсіпкерлерге ынталандыру жасауымыз керек. Жауапты көшбасшылардың жұмыс істеу уақыты 22:00-ге дейін ұзартылады», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігімен келісім бар. 9 тамызда аталған бес өңірдегі жағдай қайта қаралады.

«Онда Ashyq нысандары 22:00-ге дейін, ал көшбасшылар – 00:00-ге дейін жұмыс істей алады. Кәсіпкерлер, жауапты жұмыс істеп тұрса, жұмыстарын тоқтатпауды сұрап отыр. Сондықтан біз оны дұрыс деп санаймыз. Бір аптадан кейін эпидемиологиялық жағдайды қайта қараймыз. Егер бір аптадан кейін осы бес өңірде жағдай жақсарса, жоба көшбасшыларына, атап айтқанда демалыс күндері де жұмыс істеуге рұқсат беру тетіктерін қарастырамыз», - деді А. Мырзахметов.


回到顶部