今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Экологтар Қарағандыдағы су қоймасына рейд жүргізді

24 七月 2021 22:44

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында қоқыс тастайтын жерлерді санитарлық тазалау айлығы өтуде. Бүгін Экология департаментінің қызметкерлері, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, еріктілер, қоғам белсенділері мен полиция қызметкерлерінен құралған бастамашыл топ Федоров су қоймасының аумағында рейд жүргізді.

Экологтар мен еріктілер демалушыларға жаңа экологиялық кодексті түсіндірді, оған сәйкес 1 шілдеден бастап Қазақстанда қоршаған ортаны ластағаны үшін жаза күшейтілді. Полицейлермен бірге олар тұрғындарды қоқыс жинауға және демалыс кезінде қайта пайдалануға болатын ыдыстарды пайдалануға шақырды.

«Бүгін біз қолданыстағы экологиялық заңнаманы түсіндіреміз және халыққа экологиялық мәдениетті сіңіруге тырысамыз. Экология министрлігінің бастамасымен «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы 22 шілдедегі жағдай бойынша Қарағанды облысының аумағында 640 рұқсат етілмеген қоқыс жинау орнын анықтаған космомониторинг өткізуде. Оның 40-тан астамы жергілікті атқарушы органдармен жойылды. Бірақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, рұқсат етілмеген үйінділер жыл сайын бір жерде пайда болады», – деді Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Ісжанов.

Өткен жылы космомониторингтің көмегімен өңір аумағында 1 200-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Олардың барлығы тазартылды. Бірақ бұл қысқа мерзімді нәтиже береді, дейді рейдке қатысушылар. Табиғатты ластаушылар тіпті айыппұлдардан қорықпайды.

«Осы жылдың 6 айында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін біз 5 мыңнан астам адамды жауапқа тарттық. Бұл, әрине, жағажай статистикасы бойынша ғана емес. Мұндай құқық бұзушылықтар, соның ішінде қоршаған ортаны ластау жеке тұлғалар үшін 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 30 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл салуға әкеп соғады», – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы Татьяна Малиновская.

Анықталған қоқысты рұқсатсыз жинау орындарының 230-дан астамы Қарағандыға тиесілі. Бүгінгі таңда олардың 30-дан астамы жойылды. Экологтар қарағандылықтарды тазалық үшін күресте күш біріктіруге шақырады. Қала тұрғындары табиғаттың ластануының фото- және бейнефактілерін Senim109 бірыңғай үйлестіру орталығының жедел желісіне (109 – қоңырау шалу нөмірі) немесе экология департаментінің қабылдау бөлмесіне 41-07-54 нөмірі бойынша жібере алады. «Сондай-ақ,

«Қарағанды облысының Геопорталы» қосымшасын пайдалануға болады, онда картада рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді белгілеу қажет. Бұл қаладан шыққан кезде ыңғайлы. Ол жерді белгілесе, уәкілетті органдар оны көреді, демек, стихиялық қоқыс жойылады. Біз Қарағанды облысының тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға шақырамыз. Себебі, бұл біздің ортақ үйіміз», – дейді еріктілер.


回到顶部